Қайтарылған активтер – халық игілігіне: Риддерде аурухана құрылысы қайта жанданды

Өскемен 3-06-2025, 18:20

Елімізде заңсыз шығарылған қаражатты қайтарып, оны ел игілігіне жарату бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл істе Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті белсенділік танытып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика бойынша 333 әлеуметтік нысан салу мақұлданған. Бұл бастама өңірлерді дамытудың кешенді тәсілін көздейді және ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасының мәліметінше, Шығыс өңірінде бұл бастама нақты іспен жүзеге асып жатыр. Прокуратура органдарының белсенді жұмысының нәтижесінде арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған активтердің есебінен өңірде денсаулық сақтау және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жеті әлеуметтік нысан салынуда. Атап айтқанда, Өскемен мен Риддер қалаларында, сондай-ақ Ұлан мен Шемонаиха аудандарында жаңа нысандар бой көтеруде.

Солардың бірі – Риддер қаласындағы заманауи аурухана кешені. Бұл жоба 2021 жылдың желтоқсанында басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 34,8 миллиард теңге, оның ішінде 11,8 миллиард теңге заманауи медициналық жабдықтарға бөлінген. Алайда қаржыландырудың жетіспеушілігіне байланысты құрылыс біраз уақыт тоқтап қалған еді.

Биыл бұл жұмыс қайта жанданды. 2024 жылы қайтарылған активтердің есебінен аурухана кешенінің құрылысын аяқтауға 28,1 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Нәтижесінде қазір құрылыс қарқын алып, нысанда 300-ге жуық адам еңбек етіп жатыр.

Аурухана кешені үш ірі ғимараттан тұрады: жалпы ауданы 29 563,36 шаршы метр болатын стационар (5 блок, 3-5 қабат) – әзірлік деңгейі 40%; 400 ересек пен 100 балаға арналған емхана (4 қабатты 5 блок, ауданы 9 991,2 м²) – әзірлігі 85%; жалпы ауданы 627,76 м² болатын бір қабатты ас блогы – әзірлігі 92%.

Бүгінгі таңда емхана ғимаратының қаңқасы мен қасбеті толық аяқталып, ішкі әрлеу, сантехникалық жүйелер мен кіреберіс топтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Стационардың В блогында жұмыстар 100% аяқталған, ал А блогында 60%-ға жуық жұмыстар орындалған. Қазіргі таңда монолитті жұмыстармен қатар сыртқы қабырғалар қалау, бөлмеаралық қабырғалар орнату және қасбетті әрлеу басталып кетті.

Құрылыс биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл – өңір тұрғындары үшін маңызды әрі көптен күткен нәтиже болмақ.

Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, қайтарылған қаражаттың нақты игілікке айналуы – заң үстемдігін қамтамасыз етумен қатар, ел дамуына да үлес қосатынын көрсетеді. Бұл - әділеттіліктің бір айғағы.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар