Шемонаиха мен Риддерде «Келешек мектебі» ашылды

Шемонаиханың Теміржол ықшамауданында және Риддерде «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында заманауи талаптарға сай жаңа білім беру нысандары пайдалануға берілді. Теміржол ықшам ауданында 300 орынға арналған жаңа мектеп салынды. Бұл білім ордасы кеңейтілген арнайы кабинеттерімен және оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына қажетті барлық жағдайлармен жабдықталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО Білім басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты негізінде.
Мектеп физика, химия, биология, математика, информатика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері мен музыка пәндері бойынша заманауи интерактивті панельдермен жабдықталған пәндік кабинеттермен қамтылған. STEM-лабораториялар мен робототехника кабинеттері оқушылардың инженерлік және техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Сондай-ақ бұл мектепте Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың инженерлік сыныбы ашылды.
Шәкірттердің кәсіби бағытта дамуына жағдай жасау мақсатында мектеп шеңберінде тігін ісі, аспаздық, IT және ағаш шеберлігі бағытындағы шеберханалар мен студиялар жұмыс істейді.
Инклюзивті білім беру бағытында логопед, психолог, дефектолог кабинеттері және сенсорлық бөлмелер жасақталған. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қолдауымен «Danabala» кабинеті ашылып, арнайы білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс жүргізу сапасы арттырылды.
Мектеп аумағында коворкинг және тынығу аймақтары, хореография залы, акт залы, кітапхана мен оқырман залы бар. Сонымен қатар, бейнебақылау, кіруді бақылау жүйесі, жеке шкафтар және лифт, пандус, арнайы белгілермен жабдықталған қолжетімді орта да қарастырылған.
Аталған жоба аясында Риддер қаласында жалпы білім беретін 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, 1 сәуірде ресми түрде пайдалануға берілді.
Жаңа нысан 1935–38 жылдары салынған №12 және №9 мектептердің орнына тұрғызылды. 90 жылға жуық қызмет еткен бұрынғы ғимараттардың техникалық жағдайы апатты деп танылған болатын. Қазіргі уақытта жаңа мектепте 530 оқушы білім алуда.
Жаңадан бой көтерген №12 мектепте бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктар қарастырылған. Әр блокта оқу кабинеттері, санитарлық тораптар және спорт залдары бар.
Нысанның жалпы ауданы әдеттегі мектептерге қарағанда 20%-ға кең. 26 оқу кабинеті, 2 робототехника кабинеті, STEM зертханасы, инклюзия, визуалды жобалау және графика кабинеттері, 3 шеберхана, 1 ойын бөлмесі бар. Сондай-ақ 130 орындық заманауи жабдықталған акт залы, электронды кітапхана, медициналық пункт, хореография залы және екі спорт залы, 150 орындық асхана оқушылар мен педагогтар игілігіне берілді. Әр қабатта оқушылар үшін тынығу бұрыштары жабдықталған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі мен дабыл түймелері орнатылған.
Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету мақсатында мектепте инклюзия, сенсорлық кабинеттер, логопед, психолог және әлеуметтік педагог бөлмелері қарастырылған. Қозғалу мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, тірек-қимыл аппараты бұзылған (ДЦП диагнозы бар) Криштоп Тимофей есімді оқушы мектепке орнатылған лифттің көмегімен өздігінен қатынайды. Бұл — инклюзивті орта құру бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады.
Білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы жабдықталған робототехника кабинеті мен STEM зертханасы жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде оқушылар пәндерден алған теориялық білімдерін тәжірибе арқылы бекіту мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар, мектеп аумағында әмбебап спорт алаңдары, жас ерекшеліктеріне сәйкес бірнеше ойын алаңы мен жарыстар өткізуге арналған стадион салынған.
Фото: ШҚО білім басқармасының баспасөз қызметі