Зайсан ауданында 250 орындық аурухана салынуы мүмкін

Өскемен 30-05-2025, 11:23

Былтыр Зайсан ауданында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында екі медициналық пункт пен фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Ал 2026-2027 жылдары 250 орындық аурухана салу бойынша жоба-сметалық құжат әзірленуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биыл Қаратал ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы аудандық ауруханаға кардиотокограф сатып алынса, биыл 52 млн теңгеге бес бірлік жаңа медициналық жабдық алынбақ.

2025 жылдың басында ауданда қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 64,1%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан 12,4%-ға, қант диабетімен сырқаттану 46,5%-ға төмендегені тіркелген. Нәресте мен ана өлімі жағдайы орын алған жоқ.

Алайда жағымды көрсеткіштермен қатар алаңдатарлық деректер де жоқ емес. Ауданда қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттану 10,4%-ға, туберкулез 50%-ға, қатерлі ісік 66,9%-ға артқан.
Қазіргі уақытта ауданда 24 медициналық мекеме (аудандық аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медициналық пункт) халыққа қызмет көрсетуде. Медициналық қызметкерлер құрамы: 75 дәрігер, 265 орта медициналық қызметкер, 65 санитар және 73 түрлі сала мамандары. Дегенмен кадр тапшылығы сезілуде.

– Медицина нысандарына білікті кадрлар қажет. Ол үшін біз жыл сайын негізгі бағыттар бойынша мамандарымызды шетелге оқуға жібереміз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан халқымен кездесуде. – Өткен жылы облыстан 44 маман Ресейде, Германияда және Түркияда білімін жетілдірді. Оның ішінде Зайсан ауданынан екі маман Түркия клиникасында оқып келді. Ауданға екі дәрігер – хирург пен анестезиолог-реаниматолог – қажет.

Сонымен бірге әкім Зайсан қаласындағы қазіргі емхана бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқанын, оның санитарлық және техникалық талаптарға сай келмейтінін атап өтті.

– Аудан тұрғындары бір ауысымда 250 адам қабылдайтын жаңа емхана құрылысын сұрап отыр. Қазіргі уақытта емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс 2026–2027 жылдары қолға алынбақ, – деді өңір басшысы.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкімдігіне сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге бағытталған нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ мамандар тарту және жаңа емхана құрылысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.


Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар