Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылады

Осы уақытқа дейін білім басқармаларының құрамында болған балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері жергілікті органдар құрылымына еніп, дербес басқармаға айналады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Үкіметі жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымына Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар мен бөлімдерді енгізу туралы шешімді қолдады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа балалардың құқығын қорғау органдары жергілікті атқарушы органдардың қолданыстағы штаттық бірліктері аясында құрылады. Белгіленген нормативке сәйкес, әрбір 5 мың балаға кемінде бір маман тағайындалуы тиіс.
Аталған бастама балалардың жан-жақты қорғауда болуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйенің негізін қалауды көздейді. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі қорғаншылық органдарының мамандарына арналған оқыту тренингтерін ұйымдастыруда.
Бұл реформалар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан «Қазақстан балалары» атты кешенді бағдарламаның аясында жүзеге асырылуда.