Риддерде ата-баба аманатын ардақтаған “Ата-Мұра” ойындары басталды - ШҚО

Шығыс Қазақстанның тау бөктеріндегі Риддер қаласында ұлттық болмыстың алтын арқауын жаңғыртқан ауқымды мәдени-спорттық фестиваль – “Ата-Мұра ойындары” басталды. Ипподром аумағында өткен бұл ерекше шара – тек ұлттық ойындардың жарысы ғана емес, ата-бабалардан жеткен рухани қазынаның бүгінгі ұрпақпен үндестігін айшықтап, тарихи жадыны жаңғыртты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты ашылу рәсімі ел рухын көтеріп, көк Ту астында сап түзеген қатысушылардың шеруімен, Мемлекеттік гимннің шырқалуымен басталды. Кеш қонағы, Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Ершат Қайболдин жүрек тебірентер жырын оқып, көрермен көңілін толқытты.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов шараның мәніне ерекше тоқталып:
– Бұл ойындар – ата-бабалар рухына тағзым, ұлттық кодты сақтау жолындағы маңызды қадам. Бұл – өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір. “Ата-Мұра” алдағы уақытта республикалық, тіпті халықаралық деңгейге шығатын әлеуеті бар жоба, – деп атап өтті.
Фестиваль аясында қазақ күресі, аударыспақ, арқан тарту, гир көтеру, бүркітпен аң аулау, тазы жүгірту, асық ату, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен ұйымдастырылған жәрмеңке, қолданбалы өнер бұйымдары мен ұлттық дәмдер ұсынылған фудкорт алаңы да жиылған қауымға қолжетімді. Кеш соңында жастар үшін ашық аспан астында дискотека ұйымдастырылмақ.
“Ата-Мұра ойындары” – ұлттық сана мен рухты жаңғыртатын мәдени қозғалыс, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, этноспортты кеңінен насихаттауға бағытталған үлкен бастама болып отыр. Бұл – Қазақстанның көпэтносты қоғамында рухани тұтастықты нығайтудың жарқын үлгісі.
Елизавета Седых, Әл-Сана Азамат
Фото: Жібек Нұрахмет