Ұлы дала рухы: Риддерде ұлттық «Атамұра» ойындары өтеді

12 шілде күні Риддер қаласында алғаш рет ұлттық спорт пен салт-дәстүрді дәріптейтін ауқымды мәдени фестиваль — I ұлттық «Атамұра» ойындары өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл — тек спорттық жарыстар ғана емес, ұлттық тарихи жадыға құрмет, ата-баба рухына тағзым, өскелең ұрпаққа өнеге болар ерекше шара. «Атамұра» — Ұлы даланың сарыны, көшпенділердің ізі, дала ерлерінің даңқы мен өнерінің көрінісі.
Бағдарлама мазмұны бай: 10:00 — командалардың сапқа тұруы және салтанатты ашылуы. 11:00 — ұлттық спорт түрлерінен жарыстар басталады: қыз қуу (көрсетілім түрінде); топ бәйге — 12 шақырым қашықтыққа (тек Риддер шабандоздары қатысады); аударыспақ (2 салмақ дәрежесі); шырға тарту — тазы иттердің жарысы; арқан тарту; қазақша күрес (2 салмақ дәрежесі).
13:00 — жаппай жүгіру жарысы. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Басты жүлде — iPhone және тағы 15 құнды сыйлық.
17:00 — жеңімпаздарды марапаттау және концерттік бағдарлама.
18:00 — ашық аспан астындағы би кеші.
Қонақтарға арналған қосымша қызықтар: балаларға арнайы ойын алаңқайлары; ұлттық ас үй: бауырсақ, қымыз, түрлі дәмдер; садақ ату және асық ату; спортшылардың көрсетілімдері; бүркіттермен фотозона; тазы иттері мен аңшылық дәстүр көрмесі; қолөнершілердің шеберлік сағаттары.
«Атамұра» — тек ойын емес, ол ұлттық болмыстың, дәстүр мен тарихтың мерекесі. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын 12 шілде күні сағат 10:00-де Риддер қаласында өтетін тарихи шараға шақырамыз.