ТҮРКІ БАУЫРЛАР АЛТАЙҒА АТ БАЙЛАМАҚ

Өскемен 4-06-2025, 18:40

АСА ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде отандастарымызды ұлттық құндылықтарды ұлықтауға шақырып, ата-бабадан жеткен мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртып, оны бүкіл әлемге кеңінен таныстырудың маңыздылығын атап өтті.

«Егер біздің нақты құндылықтарымыз болмаса – көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл» деген терең мазмұнды сөзі – әрқайсымыздың жадымызда жатталып қалуға тиіс.

«Тамыры терең тарихтан бастау алатын халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасының жарқын көрінісі – дәл осы!» деп, барша адамзат баласына паш етуге тұрарлық рухани қазынамыздың бірі – таяу күндері қасиетті Қарт Алтайдың баурайында туы көтерілетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыкалық фестиваль болмақ.

Фестивальдің басты мақсаты – ұлттың ұлы құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келе жатқан көпұлтты еліміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты нығайту, кең байтақ Алтайдың қайталанбас табиғатын төрткүл дүниеге танытып, оны жаһандық туризмнің маңызды нысанына айналдыру. Сонымен бірге, аптап ыстық пен қақаған аязда маңдай терімен ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген қарапайым жұртқа серпін беріп, рухани демалыс пен жүрекке сенім, көңілге қуаныш сыйлау, мәдени түлету – бұл өнер мерекесінің басты миссиясы.

Ауқымы кең, маңызы зор халықаралық фестиваль маусымның 13–15-і күндері табиғаты көз сүріндірген көркем мекен – Катонқарағай жерінде, ашық аспан астында өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде бірқатар аудан мен облыс әкімшілік-аумақтық тұрғыда қайта құрылып, тарихи әділдік қалпына келтірілді. Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай сияқты шекаралық аудандардың да өз мәртебесіне қайта ие болғанына көп бола қойған жоқ. Халықаралық фестивальдің дәл осындай шекаралық, елдік мәні бар өңірде өткізілуі – үлкен символдық мәнге ие.

Фестивальдің үш күндік бағдарламасы:

  • Белгілі жазушы, публицист Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына орай өтетін ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталып, табиғат аясындағы алау маңында өтетін «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия кешіне ұласады.
  • Екінші күні танымал жыр жүйріктерінің қатысуымен өтетін «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық ақындар айтысы басталады. Айтысқа еліміздің таңдаулы ақындарымен бірге Моңғолия мен Қырғызстанның суырыпсалма саңлақтары да қатысады. Қазылар алқасына – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, айтыс тізгінін Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай ұстайды. Сол күні кешкісін – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыкалық гала-концерт өтеді.
  • Үшінші күнгі басты оқиға – Катонқарағай ауылының ипподромындағы ұлттық ойындар алаңы. Көпшілік қауым аламан бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сияқты қазақ халқының атадан қалған спорттық мұрасының ғажап көріністеріне куә болмақ.

Даналық пен дәстүрдің тоғысқан тұсында халқымыз «Той – халықтың қазынасы» дейді. Рас, мұндай ауқымды мәдени шара белгілі бір шығындарды қажет етеді. Бірақ, бұл фестивальдің түпкі мақсаты – сән-салтанат емес. Ол – рухани жаңғыру мен ұлттық бірегейлікті нығайтудың жарқын көрінісі. Қонақ күту – халқымыздың қанында бар асыл қасиет. Оны абыроймен атқару – елдігіміздің белгісі. Бұл – өнер мерекесі, ұрпақтың жүрегіне ұлт рухын сіңіретін тағылым мектебі.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы айтулы шараны облыс бюджетіне салмақ салмай, жұмыла көтеріп, мемлекеттік маңызы бар мәдени бастаманың жанашыры болған кәсіпкерлер мен өндіріс басшыларына Шығыс Қазақстан жұртшылығы мен облыс әкімдігі атынан шынайы алғысымды білдіремін.

ҚАДІРЛІ ШЫҒЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі – өнер мен руханиятты, дәстүр мен заманауи мәдениетті тоғыстырған тарихи шара. Сіздерді осы ерекше мерекеге шақырамыз!

Ұлттың рухын көтеретін әсерлі сәттер мен ұмытылмас көріністерге куә болуға асығыңыздар!


Құрметпен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Нұрымбет САҚТАҒАНОВ

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар