Қаңғыбас иттер 200-ге жуық адамға қауіп төндірген

Өскеменде иесіз иттердің көбеюі тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта бұралқы иттердің адамдарға шабуылдау фактілері жиілеп кеткен. Жыл басынан бері ит қапқан 200-ге жуық адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға түссе, облыстық Полиция департаменті адамға шапқан бұралқы иттерге қатысты 115 талап-арызды тіркеген. Бұл – тек облыс орталығында тіркелген келеңсіз оқиғалар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әсіресе Защита, Согра, КШТ, әуежай, Ахмер кенті, Ново-Явленка, Бабкина мельница және Прудхоз сияқты қаланың шет аймақтарында жағдай күрделене түсуде. Сонымен қатар, қаланың орталық және халқы көп шоғырланған аудандарында да қаңғыбас иттердің адамға шабуыл жасау жағдайлары кездеседі.
Ит қауып алса, не болады?
Белгіленген тәртіп бойынша, арызды қабылдаған учаскелік полиция қызметкері оқиға орнына барып, барлық ақпарат пен айғақтарды тіркейді және заттай деректерді «Өскемен-Вет» ветеринариялық қызметіне жолдайды. Мамандар иттің иесі бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүргізеді. Егер иесі анықталса, ит 10 күнге оқшауланып, ветеринардың бақылауына алынады. Осы уақыт ішінде зардап шегушіде құтырма ауруының белгілері байқалмаса, арнайы анықтама беріледі. Ал ит иесіз болса, оны ұстап, уақытша ұстау пунктіне жеткізеді.
2021 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы бойынша, иттерді атуға тыйым салынған. Ит адам өміріне қауіп төндірмесе, оны стерилизациядан өткізіп, чиптеу арқылы уақытша паналау орнына тапсыру қажет. Тек адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген жағдайда ғана өлтіруге рұқсат етіледі.
«Иесіз иттерге тұзақ құру – мәселенің шешімі емес!»
Қазіргі таңда Өскеменде қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарымен «Oskemen Animal Protection» ЖШС айналысады. Аталған ұйым өз жұмысында наркоз қолданбай, кей жағдайда тұзақ қолданады. Алайда, ұйым өкілдерінің айтуынша, бұл тұзақтарды тұрғындар сындырып не алып кетеді. Кейбіреулер иттерге жаны ашып, мамандар келгенше босатып жібереді. Бұл өз кезегінде жұмысты күрделендіре түседі.
Иттерді паналату орындары аз, ал жауапкершілік төмен
Шығыс Қазақстан облысында иттерге арналған 8 паналау және 11 уақытша ұстау орны бар. Олардың барлығы – жеке меншік нысандар. Мемлекеттік қаржыландыру жоқ, ал бұралқы иттердің саны күн санап артуда.
Заң бойынша әрбір иесі өз қамқорлығындағы жануарды тіркеп, чиптеп, серуендеуге бос жібермеуі тиіс. Алайда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының аздығы мен қаржылық қиындықтарға байланысты бұл талаптар жиі сақталмайды. Әсіресе қаланың шет аймақтары мен ауылдарда бұл мәселе өзекті. Өйткені шалғайдағы тұрғындар үшін итті қаладағы ветеринарлық емханаға жеткізу – күрделі мәселе.
Бұл ретте «Oskemen Animal Protection» ұйымы үлкен жұмыс атқаруда. Мамандар ауылдарды аралап, тегін чиптеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға стерилизацияның маңызын түсіндіруде.
Ұйым басшысы Елена Скосарева қазіргі жағдай халықтың жануарларға жауапсыз қарауынан туындағанын айтады:
Еленаның айтуынша, бұл бағытта тұрғындар арасында ақпараттық жұмыстар жүргізілмейінше, мәселе шешілмейді.
«Жауапкершілік – отбасынан басталады»
Ерікті әрі қоғамдық инспектор Елена Мұқанова жергілікті ветеринария басқармасымен бірлесе отырып, мектептерде кездесулер өткізіп, балаларға жануарларға жанашырлықпен қарау туралы түсіндіреді. Оның пікірінше, балаларды тәрбиелеу – қоғамды өзгертуге бастар жол.
Елена Мұқанова бұл мәселені кең көлемде қарастыру қажет екенін айтып, сабақ, акция, баннер, билбордтар және еріктілерді тарту арқылы ақпараттық жұмыстарды тұрақты жүргізу қажет дейді.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, учаскелік инспекторлардың міндетіне тек арыз қабылдау ғана емес, тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру де кіреді. Қазіргі уақытта итті бос жіберуге тыйым салу, жануарларды тіркеу, күтіп-бағу ережелері жүйелі түрде орындалып жатқан жоқ.
Қаңғыбас иттер мәселесі – тек қауіпсіздік емес, қоғамдағы құндылықтар мен жауапкершілік деңгейінің көрінісі. Бүгінде бұралқы иттердің санын азайту үшін стерилизация басты құралға айналған. Алайда бұл түйткілді шешу үшін уақытша шара емес, қоғам болып бірігіп әрекет ететін жүйелі стратегия қажет. Сонда ғана бұл мәселе түбегейлі шешімін табады.