ШҚО ТЖД мамандары заңнамадағы өзгерістерді түсіндірді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары азаматтық қорғау, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы заңнамалық жаңашылдықтарды таныстырды.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарына жаңа функция жүктелген. Енді олар объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды береді. Бұл талап Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 66-2-бабында бекітілген.

Аталған нормаға сәйкес, адамдар жаппай жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға беру алдында тапсырыс беруші міндетті түрде өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы қорытынды алуы тиіс. Құжат «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға сәйкес рәсімделеді.

Мемлекеттік қызмет толықтай электронды форматта көрсетіледі. Өтінімдер «электрондық үкімет» веб-порталы және «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы арқылы қабылданады. Қорытынды беру мерзімі – 15 жұмыс күні.

Қызметті алу үшін өтініш беруші электронды өтінішпен қатар жобалық-сметалық құжаттаманың көшірмесін, сараптаманың оң қорытындысын, сондай-ақ құрылыс материалдары мен конструкциялардың өрт қауіпсіздігі көрсеткіштерін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Брифингте азаматтық қорғаныс жүйесіндегі өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, жаңашылдықтар жүйенің тиімділігін арттыруға, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтуге және төтенше жағдайларға дайындық деңгейін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар қорғаныс құрылыстары мен адамдар көп шоғырланатын нысандарға қойылатын талаптар да күшейтілген.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында да бірқатар өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, мемлекеттік бақылау күшейтіліп, тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізілуде. Мониторинг процестері цифрландырылып, кәсіпорындардың жауапкершілігі арттырылуда. Бұл шаралар апаттардың алдын алу және тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Мамандардың пікірінше, қабылданған өзгерістер ұзақ мерзімді перспективада қауіпсіздік деңгейін арттырып, төтенше жағдайлар санын азайтуға мүмкіндік береді.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter