Өскеменде өзбек ақыны Чори Авазға арналған әдеби кеш өтті

Өскемен 16-05-2025, 17:54 0

Өскемен қаласындағы А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұлттар арасындағы рухани байланысты нығайтуды көздеген тағылымды шара – «Чори Аваз: Сөзі мәңгілік ақын» атты әдеби кеш өтті. Бұл кеш өзбек әдебиетінің көрнекті өкілі, сөзі мен рухы уақыт сынынан өткен ақын Чори Аваздың шығармашылығына арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кештің құрметті қонақтары Өзбекстаннан арнайы келіп қатысты. Ақынның жары, жазушы Зебо Омонова ханым, «Fаvvora» киностудиясының жетекшісі әрі ақын туралы деректі фильмнің авторы Келдиёр Хужайеров, «Шығыс жұлдызы» журналының бас редакторы Сирожиддин Рауф, ақынның қызы, Зульфия атындағы мемлекеттік сыйлық иегері Гүли Нигор Авазова және немересі Мехри Нигор сахна төрінен көрінді.

Кеш барысында ақынның отбасы мүшелері мен әріптестері жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, Чори Аваздың жырларын тебірене оқыды. Гүли Нигор әкесі жайлы естелік айтып, өз өлеңін оқыса, Мехри Нигор атасының бір өлеңінен үзінді оқып, көрермендердің көңілін толқытты. Өзбекстандық қаламгерлер де ақынның шығармашылығына арналған жырларын арнады.

Кітапхана қызметкерлері Чори Аваздың өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап, көркем мәнермен оқып берді. Бұл сәт ақынның шығармашылығының қазақ оқырманына жақындай түсуіне жол ашты. Кеш барысында Зебо Омонова ханым жұбайының өмірі, отбасындағы орны мен шығармашылық мұрасы жайлы әсерлі әңгіме өрбітті.

Шара соңында ақын, драматург және Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай ақын Чори Аваздың бір өлеңін қазақшаға аударып, көпшілік алдында оқыды. Қонақтарға шапан жабылып, сый-сияпат көрсетілді. Өз кезегінде кеш меймандары өздерімен ала келген кітаптарын кітапхана қорына сыйға тартты.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

ШҚО жаңалықтары

Өскеменде 1 маусымнан бастап жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды
Шығыс Қазақстанда сел қаупі жоғары кезең басталды
Өскемендік 1440 бала «Жігер» жазғы лагерінде демалады
Шығыстағы мектеп оқушылары енді өндіріс орындарында тәжірибеден өте алады