Өскеменде Отан қорғаушылар күніне орай сарбаздармен патриоттық кездесу өтті

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай патриоттық мазмұндағы ерекше кездесу өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Антқа адал сарбазбын!» атауымен өткен шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің Өскемен гарнизонына қарасты әскери бөлімшелердің сарбаздары мен Ішкі істер министрлігіне қарасты «Ұлттық ұланның» жауынгерлері арнайы шақырылды.
Кездесу аясында Шығыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, майор Жасұлан Сатыбалдыевпен еркін форматта сұхбат ұйымдастырылды. Сарбаздар әскерге шақыру жүйесіндегі өзгерістер, борышын өтеп келген азаматтарға берілетін жеңілдіктер сынды өзекті тақырыптар бойынша ашық пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарына нақты жауап алды.
Шара барысында кітапхана ұжымы қатысушыларға «Жеңіс құны: Біздің батырлар» атты тарихи-деректі ролл-ап көрмесін таныстырды. Онда қазақ халқының, соның ішінде Шығыс Қазақстан тұрғындарының соғыс жылдарындағы ерлігі мен тылдағы еңбегі баяндалды. Сонымен қатар майдангер-жазушылар шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылып, қалам мен қаруды қатар ұстаған жауынгерлер жайлы тағылымды деректермен бөлісті.
Тағылымды шара соңында кітапхананың үлкен экранды кинозалында соғыс жылдарындағы тарихи шындыққа негізделген деректі фильмдер көрсетіліп, көрермендер сол кезеңнің ауыр шындығымен тереңірек танысты.