Елімізде медициналық колледждерді тексеру басталды

Қазақстан жаңалықтары 11-07-2025, 17:52

Қазақстанда орта буын медицина мамандарын дайындау сапасын арттыру мақсатында медициналық колледждердің білім беру қызметіне лицензиядан кейінгі бақылау жүргізілуде. Бұл туралы Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бақылау жұмыстары ҚР Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлесуімен басталды. Іс-шаралар 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп отыр. Негізгі мақсат – орта медициналық білім беретін мекемелердегі оқыту сапасын жақсарту және саладағы мамандықтардың беделін арттыру.

Министрлік мәліметінше, тексерістердің басты мақсаты – фельдшер, медбике, акушер, зертханашы сынды орта буын мамандарын сапалы дайындауды қамтамасыз ету. Өйткені бұл мамандардың біліктілігі халыққа көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Тексеру келесі бағыттар бойынша жүргізілуде: оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкестігі; оқу үдерісін қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету; оқу жоспарлары мен бағдарламаларын сақтау; санитарлық-эпидемиологиялық және қауіпсіздік талаптарының орындалуы; іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары бойынша жарамды аккредитацияның болуы.

Денсаулық сақтау министрлігі бақылау жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын хабарлады. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қолданылады — қажет болған жағдайда білім беру лицензиясын уақытша тоқтату немесе толықтай кері қайтару да мүмкін.

2025 жылы еліміздің 9 өңіріндегі 13 медициналық колледжді тексеру жоспарланған. Олардың қатарында Астана мен Алматы қалаларымен қатар Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары бар.

Қазіргі таңда бес колледжге тексеріс жүргізіліп, оның үшеуінде анықталған заңбұзушылықтарға байланысты лицензия уақытша тоқтатылды. Екі колледжге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Тексеріс қорытындысы бойынша әр өңірге қатысты жинақталған деректер мен білім беру қызметінің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар қамтылған аналитикалық есеп дайындалады.

Бүгінде Қазақстанда 94 медициналық колледж жұмыс істейді. Олар келесі 9 мамандық бойынша білім береді: мейіргер ісі, емдеу ісі, акушерлік іс, стоматология, ортопедиялық стоматология, фармация, гигиена және эпидемиология, зертханалық диагностика, медициналық оптика.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық колледждерге қабылдау кезінде арнайы қабылдау емтиханын енгізу туралы мәлімдеген болатын. Бұл да болашақ мамандардың сапалы даярлығын қамтамасыз етуге бағытталған.


Фото: depositphotos.com

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар