Кәсіпкерге де, ата-анаға да тиімді – «Жеке менеджер» қызметі іске қосылды

Таныс қызметтерді алу жолы енді тіпті жеңілдеді. Мемлекеттік қызметтерді үйден немесе кеңседен шықпай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік беретін «Жеке менеджер» сервисі азаматтарға ыңғайлы болу үшін іске қосылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл қызметті қолдану үшін бар болғаны онлайн өтінім беру жеткілікті. Содан кейін арнайы маман келісілген уақытта сізге келіп, барлық қажетті құжаттар мен рәсімдерге көмектеседі.
Аталған мүмкіндік әсіресе кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмысбасты жандарға, жеке кәсіппен айналысатындарға немесе денсаулығына байланысты қозғала алмайтын адамдарға өте қолайлы. Яғни халыққа қызмет көрсету орталығына өздігінен бара алмайтындар үшін таптырмас шешім.
«Жеке менеджер» арқылы мемлекеттік қызметтердің көп бөлігін алуға болады. Тек жеке куәлік пен төлқұжат алу, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу сияқты қызметтер бұл тізімге кірмейді. Қалған барлық рәсімдерге маман көмектеседі. Қызметтің үйге немесе жұмыс орнына келіп көрсету бағасы 7190 теңге. Бұл сомаға маманның келуі мен барлық ұйымдастыру жұмыстары кіреді.
Ал егер бұл сервисті Халыққа қызмет көрсету орталығының ішінде пайдалансаңыз, сізге кезексіз қызмет көрсетіледі. Мұндай жағдайда қызмет құны 5500 теңге болады.
Қызметке тапсырыс беру үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөлімі арқылы өтінім қалдыру керек. Сонымен қатар 1414 нөміріне қоңырау шалып, кеңес алып, SMS арқылы сілтеме алып, онлайн тапсырыс беруге де болады.
Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтерді барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету мақсатында осындай жаңа сервистерді енгізуді жалғастырып келеді.
Фото: gov.kz