«Сәлем, робот!» – 1414 байланыс орталығы жаңа деңгейге қадам басты

«Сәлеметсіз бе! Сізге қандай көмек көрсете аламын?». Тұтқаның ар жағынан мұндай дауыс есту – қазір таңсық дүние емес. Себебі 1414 нөміріне хабарлассаңыз, сізді маман емес, жасанды интеллект қарсы алады. Иә, робот! Ол сіздің мәртебеңізді тексеріп, айыппұлдарыңызды көрсетіп, тіпті несиеден бас тарту туралы өтінішіңізді де қабылдай алады.
Қазір елімізде мемлекеттік қызметтерді алу күннен-күнге жеңілдей түсуде. Бұған себеп – цифрлық технологиялар. Бұрын бір анықтама алу үшін біраз есікті тоздыратын едік. Қазір бәрі қолжетімді, оңай. Мәселен, 1414 нөміріне хабарлассаңыз, сізге енді маман емес, жасанды интеллект көмектеседі. Бұл – дауыс робот. Ол сіздің мәртебеңізді анықтап береді, айыппұлдарды көрсетеді, тіпті несие алудан бас тартуға көмектесетін өтінішті де қабылдайды.
Маманның айтуынша, алдағы уақытта Call-орталыққа жаңа буындағы дауыс ассистенті енгізіледі. Ол сұрақтарға нақты әрі тез жауап беріп, азаматпен шынайы диалог жүргізе алады. Бұл технология жалпы қоңыраулардың 40 пайызын автоматты түрде өңдеуге мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, биыл жүргізуші куәлігін алу процесі де өзгеріске түседі. Атап айтсақ, теориялық емтиханды арнайы AR-көзілдірікпен (augmented reality – кеңейтілген шынайылық) тапсыру мүмкіндігі пайда болады. Бұл көзілдірік адамды виртуалды ортаға кіргізіп, нақты жол жағдайын көрсетеді. Компьютер экраны автоматты түрде бұғатталып, сырттан көмек алу мүмкін болмайды. Ал тәжірибелік емтиханда «Computer Vision» жүйесі әрекеттерді бақылайды.
Былтыр «Азаматтарға арналған үкімет» тарапынан 23 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Бұл – халықтың сенімі мен сұранысының нақты көрсеткіші.
Атап өтерлік тағы бір жайт, биылдан бастап еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-ларында «Жеке менеджер» қызметі іске қосылды. Енді көлік тіркеу, нөмір алу сынды жұмыстарды енді кезек күтпей, арнайы маман арқылы тезірек рәсімдеуге болады.
Жеке менеджер қызметін пайдалану үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының ресепшніне жүгінсе жеткілікті. Мамандар барлық қажетті құжатты толтырып, рәсімдеп береді.
Айта кетейік, ХҚКО-лар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін, ал сенбі күні сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін жұмыс істейді.