«ЦОН» қосымшасында төлемді есептейтін құрал іске қосылды: зейнетақыны онлайн есептеу қызметі танымал бола бастады

Өскемен / Жаңалықтар 21-05-2025, 10:34

2025 жылғы 28 сәуірден бастап «ЦОН» мобильді қосымшасында зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды алдын ала есептеуге мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды. Бұл жаңашылдық азаматтарға үйден шықпай-ақ өздеріне тиесілі әлеуметтік төлемдердің мөлшерін шамалап білуге жағдай жасайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа қызмет іске қосылған алғашқы үш апта ішінде 4 500-ге жуық адам оны пайдаланып, есептеулер жүргізді. Сервис арқылы қазіргі таңда 8 түрлі төлем мен жәрдемақы түрін 5 негізгі санат бойынша есептеуге болады. Атап айтқанда:

  • Зейнетке шығу: базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы түрлері;
  • Бала туу: жүктілікке, босануға немесе бала асырап алуға байланысты төлемдер мен 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
  • Мүгедектік: еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайындағы әлеуметтік төлем;
  • Жұмыссыздық: жұмысынан айырылу бойынша төлем;
  • Жақын адамынан айырылу: асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақы.

Сервис пайдаланушы енгізген мәліметтерге негізделіп жұмыс істейтіндіктен, есептелген сома нақты емес, шамамен көрсетіледі және тек ақпараттық сипатқа ие. Ал нақты мөлшер – уәкілетті мемлекеттік органға ресми өтініш бергеннен кейін анықталады.

Жаңа функцияны пайдалану үшін Google Play немесе App Store дүкенінен «ЦОН» мобильді қосымшасын жүктеп, мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру арқылы авторизациядан өту қажет. Одан кейін қажетті бөлімді таңдап, өз мәліметтеріңізді енгізу арқылы тиісті есептеулерді жасауға болады.

Бүгінде «ЦОН» мобильді қосымшасын 670 000-ға жуық адам пайдаланады. Бұл платформа электрондық қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетіп қана қоймай, азаматтардың уақыты мен ресурсын үнемдеуге де мүмкіндік береді.

Қосымшада қолжетімді басқа да танымал қызметтер қатарында:

  • ХҚКО-ға бару үшін алдын ала кезекке жазылу. Бұл қызмет арқылы апта сайын 60 000-ға жуық электрондық талон беріледі;
  • Жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық және тәжірибелік емтихандарға жазылу. Апта сайын 8 000-нан астам адам теориялық, 7 000-ға жуық адам тәжірибелік емтиханға тіркеледі;
  • Сынақ жүргізуге (тест-драйв) жазылу қызметін апта сайын орта есеппен 1 600 адам пайдаланады.

Жаңа сервис – әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп, азаматтарға қолжетімді және түсінікті болуына бағытталған тағы бір нақты қадам.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар