Жыл басынан бері 97 мыңнан астам азамат Отбасының цифрлық картасы арқылы мемлекеттік қолдауға ие болды

Өскемен / Қоғам 2-05-2025, 13:46

Қазақстанда Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу нәтижесінде азаматтарға әлеуметтік қолдау автоматты түрде көрсетіле бастады. 2025 жылдың басынан бері ОЦК арқылы 188,5 мың адамға проактивті форматта мемлекеттік қызмет көрсету ұсынылып, 97,9 мың адам өтінішсіз жәрдемақы мен төлемдерді рәсімдеген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ОЦК қалай жұмыс істейді?

Отбасының цифрлық картасы — мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде автоматты түрде қалыптастырылатын цифрлық құрал. Онда еліміздің 20 миллионнан астам тұрғыны немесе 6,2 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет бар.

Басты мақсаты – қазақстандықтардың әлеуметтік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл құрал ҚР Әлеуметтік кодексінде әлеуметтік саясатты жоспарлаудың маңызды бөлігі ретінде бекітілген. Сонымен қатар, ол азаматтарға өздерінің мемлекеттік қолдауға құқығы бар екенін SMS арқылы ескертіп отырады.

Қандай қызметтер автоматты түрде көрсетіледі?

Қазіргі таңда ОЦК арқылы өтініш бермей-ақ мынадай 10 түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлем рәсімделеді:

  • Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төлем;

  • Жұмысынан айырылған жағдайда төлем;

  • Асыраушысынан айырылу бойынша төлем немесе жәрдемақы;

  • Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға жәрдемақы;

  • Мүгедектігі бойынша жәрдемақы;

  • Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;

  • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне жәрдемақы;

  • Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК);

  • Жерлеуге арналған біржолғы төлем;

  • Зейнетақы төлемдері мен қандас мәртебесіне қатысты автоматты хабарламалар.

Әлеуметтік қолдауға құқығы бар азаматқа 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Азаматтың келісімі SMS арқылы берілген соң, жәрдемақы немесе төлем автоматты түрде тағайындалып, банк шотына аударылады.

Алаяқтық әрекеттерден сақтану үшін азаматтарға тек 1414 нөмірінен келген SMS-ке жауап беру қажет екені ескертіледі.

Барлық сұрақтар бойынша 1414 Call-орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар