Қазақстанда пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алуға тыйым салынбақ

Қазақстан жаңалықтары 17-06-2025, 15:22

Қазақстанда тұрғын үй сатып алу ережелері өзгермек. Енді салынып жатқан үйлерден пәтер алғысы келгендер тек банк арқылы төлем жасай алады. Қолма-қол ақша беру арқылы келісім жасауға рұқсат жоқ. Бұл өзгеріс Сенат мақұлдаған жаңа заң жобасында көрсетілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.

Жаңа тәртіп тек жаңадан салынып жатқан нысандарға қатысты. Екінші нарықтағы, яғни бұрын салынған пәтерлерге әзірге бұл талап қолданылмайды. Сонымен бірге құрылыс жүріп жатқан үйлерге ипотека рәсімдеу де тоқтатылады. Ипотека тек рұқсат құжаттары толық, заң жүзінде бекітілген жобаларға ғана беріледі.

Басты мақсат – тұрғын үй нарығындағы алаяқтық пен көлеңкелі әрекеттерді азайту. Қазір кейбір құрылыс компаниялары рұқсатсыз жұмыс істеп, қолма-қол ақша алып, келісімшарттарды айналып өтеді. Мұндай жағдайлар адамдарды заңды түрде қорғансыз қалдырып отыр. Сондықтан бұл өзгеріс – нарықты ашық әрі қауіпсіз етуге жасалған қадам.

Жаңа ережелер бойынша барлық төлемдер банктер арқылы өтеді. Бұл ақша айналымын бақылауға, салықтың дұрыс төленуіне мүмкіндік береді. Құрылыс салушылар енді алдын ала бронь қою немесе инвестициялық келісім арқылы емес, тек заңмен бекітілген үлестік қатысу шартымен ғана жұмыс істейді. Құжаттары жоқ компаниялармен банк те жұмыс істемейді. Ал заңсыз жұмыс істеген құрылысшылар мен жарнама берушілерге ірі көлемде айыппұл салынады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер пәтер сатып алушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, олардың құқықтарын қорғайды. Нарықтағы алаяқтық әрекеттер азаяды, ал тұрғын үй саласына деген сенім артады. Төлемдер банктер арқылы өткенде бәрі ресми түрде тіркеліп, күмәнді мәмілелерге жол берілмейді.

Экономистер бұл бастама тұрғын үй бағасына әсер етпейді деп отыр. Керісінше, шағын құрылыс компанияларына қойылатын талап жеңілдетіледі. Тәжірибе мерзімі қысқарып, құрылыс көлеміне қойылатын талап та төмендетілген. Бұл құрылыс саласына заң аясында жұмыс істеуге ынталандырады.

Қазіргі таңда елімізде рұқсатсыз салынған 99 үй мен 42 проблемалық нысан тіркелген. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер азаяды деген үміт бар. Жаңа ереже бойынша Үлескерлерді қолдау орталығы құрылып, бүкіл тұрғын үй сатып алу процесі ашық әрі қауіпсіз болмақ.

Президент заңға қол қойғаннан кейін ол 60 күн ішінде күшіне енеді.

Фото: depositphotos.com

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар