Қазақстан смартфондарды толық тіркеуге көшеді

Өскемен 21-05-2025, 10:25

Смартфондардың көлеңкелі нарығы – яғни салықтық есепке алынбай сатылатын құрылғылар – Қазақстан бюджетіне жыл сайын миллиардтаған теңге кірістен қағылып отыр. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді. Осыған байланысты 2025 жылғы 25 мамырдан бастап мемлекет «контрабандалық» құрылғыларға қарсы күрестің соңғы кезеңін бастайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталған министрлікке қарасты Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, енді Қазақстанға алғаш рет әкелінетін кез келген смартфон салық және кеден органдарында, сондай-ақ халықаралық GSMA базасында міндетті түрде тіркеуден өтуге тиіс.

Құрылғының өндіруші белгілеген сипаттамаларға сәйкестігі, заңды жолмен әкелінген-әкелінбегені, құжаттары, IMEI-кодының ұрланған, жоғалған немесе бұғатталған құрылғылар базасымен сәйкестігі – бәрі де тексерілетін болады.

Көлеңкелі смартфондар мәселесінің түп төркіні – алаяқтық, адал бәсекенің бұзылуы және басқа да заңбұзушылықтар. Жобаның басты мақсаты – абоненттік құрылғыларды верификациялауға арналған бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру. Бұл заңсыз немесе тіркелмеген құрылғылардың айналымын шектеуге, тұтынушының құқығын қорғауға, ресми кепілдігі бар құрылғыларды пайдалануға мүмкіндік беруге, сондай-ақ құрылғылардың барлық функционалына толық қолжетімділікке жол ашады, – деді комитет төрағасы.

«Толық функционал» мәселесіне келсек, бұған жуырда болған бір мысал келтіруге болады. Бар-жоғы бір ай бұрын белгілі бір өндірушінің смарт-сағатын пайдаланушылар гаджетке орнатылған барлық медициналық функцияларды – жүрек кардиограммасын түсіру, ұйқыдағы тыныс тоқтауы (апноэ) тәрізді көрсеткіштерді тіркеу мүмкіндігін – алғаш рет толық пайдалана алды. Бұл құқық тек Қазақстан мемлекеттік органдарының өндіруші компаниямен келіссөздерінен кейін ғана берілген болатын.

25 мамырдан кейін Қазақстанда жаңадан әкелінген барлық смартфондар – заңды, заңсыз, сондай-ақ жеке мақсатта сатып алынған болсын – үш түрлі санатқа бөлінетін болады. Біріншісі – «ақ тізім»: бұлар – ресми тіркелген құрылғылар, олардың жұмысына ешқандай шектеу қойылмайды. Екіншісі – «сұр тізім»: мұндай смартфондар ұрланған немесе бұғатталған емес, алайда олар әлі тіркелмеген. Бұл құрылғыларды заңдастыру үшін арнайы тіркеуден өтіп, «ақ тізімге» көшіру қажет.

Үшінші санат – «қара тізім»: иесі немесе компаниясы құрылғыны тіркеуден бас тартқан смартфондар. Комитеттің түсіндіруінше, мұндай телефондар мобильді байланыс операторлары тарапынан қызмет көрсетуден шеттетіледі. Яғни бұл смартфондар ұялы желіге немесе интернетке қосыла алмайды.

Азаматтар өз құрылғыларын немесе сатып алғысы келетін смартфонды тексеріп, оның заңдылығы, тіркелуі және Қазақстанда ресми есепке алынғаны жөнінде ақпарат алу үшін https://kz-imei.kz сайтына кіріп, құрылғының IMEI-кодын енгізуі керек.

Цифрлық верификацияның үш айлық көрсеткіштері де жария етілді: 2025 жылдың наурыз, сәуір және мамыр айларында жүйеге 4711 пайдаланушы тіркеліп, жалпы 22 734 верификацияға өтінім берген. Соның нәтижесінде 3 миллион 411 мың смартфон заңдастырылды.

Осылайша, Қазақстанда жақын арада SIM-картасы бар, бірақ мемлекеттік бақылаудан тыс қалған мобильді құрылғылар болмайды деуге болады. Министрлік өкілі Дамир Сейсембековтің айтуынша, «бұл жерде азаматтардан тек IMEI-код, телефон нөмірі және ЖСН сұралады. Бұл талап 2019 жылдан бері қолданыста. Қазір смартфонды алғаш қосқанда, ЖСН енгізу міндетті. Ол сіздің нөміріңізге және құрылғыңызға тіркеліп отырады», – деді ол.

Андрей Дудник

Фото: автордікі

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар