Күршім ауданы: инвестиция, туризм және жаңа мүмкіндіктер

Өскемен / Қоғам / Шығыс Қазақстан Вчера, 11:18

Күршім ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Бұқтырманың жағалауы мен Қиын-Керіштің әсем табиғаты ғана емес, агроөнеркәсіп, туризм, инфрақұрылым мен әлеуметтік салада қолға алынған ауқымды жобалар да өңірдің әлеуетін арттыра түсуде. Жаңа қонақ үйлер мен өндіріс орындары іске қосылып, жолдар жаңарып, ауылдар таза ауыз сумен толық қамтылды. Алдағы жылдары ауданға ондаған миллиард теңге инвестиция салынып, мал шаруашылығынан бастап туризмге дейінгі салаларға тың серпін берілмек. 2027 жылға дейін әр ауыл интернетке қол жеткізіп, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарады. Күршімнің бүгінгі қадамы – ертеңгі өркендеудің кепілі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауылында жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы жоспарларды таныстырды.

— Біз ауданның негізгі мәселелерін талқылап, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз. Атқарушы билік органдарының жұмысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары мен әлеуметтік-экономикалық реформаларға сәйкес жалғасуда. Экономиканың өсуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу – біздің басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы.

Күршім ауданында туризм, агроөнеркәсіп, өнеркәсіп және адами капиталды дамытуға мүмкіндік мол. 2029 жылға дейін ауданға 28,3 млрд теңге бюджет қаражаты және 19,1 млрд теңге жеке инвестиция салу жоспарланған. Соңғы жылдары бірнеше қонақ үй, құрылыс дүкендері, монша кешені және алтын өндіру зауыты іске қосылды. Биыл Бұқтырма жағалауында демалыс үйлері, Күршім ауылында жаңа қонақжайлар мен Сарыөлеңде балық шаруашылығы тоғаны ашылмақ.

Ветеринарлық техникаға қол жеткізді

Биыл облыста 12 жылда алғаш рет ветеринариялық ұйымдардың автопаркі толық жаңартылды. Күршім ауданына 10 бірлік техника бөлінді, оның ішінде пикап, «Соболь» шағын автобустары, «Шевроле Кобальт» және мал тасымалдауға арналған көлік бар.

«Агроөнеркәсіптік кешен – аудан экономикасының негізгі бөлігі және облыс экономикасының төрт пайызын құрайды. Күршім ауданында негізінен етті мал шаруашылығы басым. Бүгінде ірі қара – 46 мың бас, қой мен ешкі – 105,9 мың, жылқы – 23,7 мың басқа жетті», – деді облыс әкімі.

Биыл алты айда аудан бойынша 2,6 мың тонна ет өндірілген. Бұл – облыс көлемінің 3,8 пайызы. Алайда жұмыс істеп тұрған бес бордақылау алаңының жүктемесі небәрі 20 пайызды ғана құрайды.

Кездесуде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы нәтижелер де сөз болды. Өткен жылы Күршім кәсіпкерлеріне 47,8 млн теңгеге бес жоба қаржыландырылса, биыл 82,5 млн теңгеге 11 жоба мақұлданған.

Мал қорымдарына қатысты да маңызды тапсырма берілді.

«Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековке ветеринария және құрылыс басқармаларымен бірлесіп, Құйған, Маралды, Бурабай, Ақсуат және Сарыөлең ауылдарында салынып жатқан бес мал қорымын уақытында аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ, 2026-2027 жылдары кезең-кезеңімен салынатын қалған 18 мал қорымына арналған жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Туризмді дамытуға басымдық берілмек

– Ауданда экологиялық, ауылдық, емдеу-сауықтыру және мәдени-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Туристер ең көп қызығатын орындар – Қиын-Керіш шатқалы, Шекелмес мүйісі және Бұқтырма су қоймасының жағалауы. Әсіресе, жыл бойы жұмыс істеуге қолайлы Бұқтырма жағалауында туризмді дамытуға ерекше назар аударылмақ. Бұл ретте, ретсіз құрылысқа жол берілмейді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының халқымен кездесуде.

2024 жылы ауданға қатынаған туристер саны 35 пайызға өсіп, 2,7 мың адамға жеткен (2023 жылы – 2,0 мың адам). Өңірде туристерді қабылдайтын төрт нысан бар: Күршім ауылында 64 орындық үш қонақ үй және Сарыөлең ауылында 100 орындық балалар лагері.

Аймақ басшысы туризмнің дамуы тек демалыс орындарын ашумен шектелмейтінін де атап өтті.

– Бұл – жол, байланыс, қауіпсіздік, жол бойындағы қызмет көрсету, тамақтану және қызмет көрсетудің сапасы. Біз бұл мәселелерді жүйелі түрде шешіп келеміз, – деді ол.

40 шақырымнан астам жол жөнделеді

Биыл ауданда 742 млн теңгеге 41 шақырымнан астам жол мен көше жөнделіп, бірқатар маңызды магистральдар және айналма жол құрылысы жалғасады.

– Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді. Катонқарағай және Зайсан аудандарында заманауи әуежайлар салынуда, бұл туристерді тартуға қосымша серпін береді. Сондай-ақ, жолдарды жөндеу жұмысы да жалғасуда. Биыл ауданда 742 млн теңгеге 41 шақырымнан астам жол мен көшелерді жөндеу жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Күршімде былтыр екі млрд теңгеге 47 шақырым жол мен көше жөнделді. Оның ішінде облыстық маңызы бар «Күршім-Қалжыр-Бурабай» жолының 12-27 шақырымы, аудандық маңызы бар «Күршім-Қалжыр-Ақши» жолының сегіз шақырымы, «Маралды-Үшбұлақ» жолының екі шақырымы, «Күршім-Алғабас» жолының екі шақырымы жөнделді. Бірлік, Бурабай, Ақши, Қаратоғай, Үшбұлақ, Алғабас, Құйған, Күршім ауылдарындағы 20 км көше мен көпірлер қалпына келтірілді.

Биыл жөнделетін нысандар тізімінде «Күршім-Қалжыр-Бурабай» автожолы, «Күршім-Қалжыр-Ақсуат» жолы, «Күршім-Алғабас» жолы бар. Алғабас ауылындағы бір шақырымдық көше, Күршім ауылындағы 6,2 км көше жөнделуде.

Сонымен қатар, Күршім ауылында айналма жол салу мәселесі ерекше бақылауда тұр. Мердігер «Терезе» ЖШС қазіргі уақытта 12 шақырымның алты шақырымына жол негізін қалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Облыс әкімі Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековке бірінші қыркүйекке дейін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесіп, айналма жол құрылысына қосымша қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Күршім 100% таза ауыз сумен қамтылған

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қазақстандықтарды толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойған. Бұл бағытта Күршім ауданы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді – аудандағы барлық 21 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған.

Халықтың ауыз суға қолжетімділігі 100 пайызды құрайды.

Сонымен бірге, су инфрақұрылымын одан әрі жақсарту үшін жалпы құны жетіі млрд теңгені құрайтын екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, Барақ батыр ауылында су құбыры желілерінің құрылысы жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа 131,6 млн теңге бөлінді, нысан 2025 жылы аяқталмақ. Күршім ауылында су құбыры желілерін қайта жаңарту қолға алынды. Жобаны іске асыруға биыл 208,4 млн теңге бөлінді, толық аяқтау мерзімі – 2026 жыл.

Бұл жобалар жүзеге асқан соң, аудандағы ауыз су жүйесінің сапасы артып, тұрғындардың тұрмыс жағдайы жақсара түспек.

2027 жылдың соңына дейін Күршім ауданының барлық ауылдары интернетпен қамтылады

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының тұрғындарымен кездесуде интернетке қолжетімділікті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 2027 жылдың соңына дейін ауданның барлық ауылдарын интернетпен қамту жоспарланып отыр.

– Облыста барлығы 234 елді мекен интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері тағы 16 ауыл желіге қосылды. Республикалық «Жол картасына» сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін тағы 123 елді мекен интернетпен қамтылмақ. Күршім ауданында бұл көрсеткіш 83,7%-ды құрайды. Дегенмен, 2379 тұрғыны бар 10 елді мекенде байланыстың жоқтығына немесе сапасының төмендігіне шағым түсіп жатыр, – деді облыс әкімі.

Атап айтқанда, Бурабай, Теректібұлақ, Топтерек, Ақши, Егіндібұлақ, Күршім-Қыстау, Қайнар, Жолнұсқау, Үшбұлақ және Қаратоғай ауылдарында интернет мәселесі өзекті болып отыр.

Өткен жылы байланысты жақсарту үшін Жолнұсқау, Үшбұлақ, Қаратоғай және Егіндібұлақ (Қараой ауылы үшін) елді мекендерінде биіктігі 40 метр болатын төрт антенна орнатылды. Жобаның құны – 626,8 млн теңге. Қазіргі уақытта байланыс операторлары нысандарды тексеріп, одан арғы жұмыстарға дайындық жүргізуде.

Қалған ауылдарды интернетпен қамту ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 2027 жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар, ауданның 18 мектебінде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу үшін «Starlink» жиынтықтары орнатылған.


Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар