Күршім ауданы бес айдың қорытындысын шығарды
Шығыс Қазақстан / Өскемен
18-06-2025, 16:50

Күршім ауданында ауыл шаруашылығынан бастап инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға дейінгі негізгі бағыттарда тұрақты өсім байқалады. Бұл туралы Күршім ауданының әкімі Мейржан Альбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.
Биылғы бес айдың ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2185,6 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 156,6%-ды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімі 4381,6 млн теңгеге жетіп, өсім 109%-ды құрады. Экономикаға салынған инвестициялар көлемі 2608,3 млн теңгені көрсетіп, құрылыс жұмыстары 1361,0 млн теңгеге жетті. 1703 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. 23,2 мың гектар жерге жаздық дақылдар себілді. Ауданда күнбағыс тұқымын өңдейтін, жылдық қуаттылығы 50 мың тонна болатын май зауытының салынуы жоспарлануда. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейтіп, аймақ шаруалары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Ауыл аманаты», «Кең дала» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар аясында 32 кәсіпкерге 242 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде 13 шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алды. Туризм саласында да серпін бар. Бұқтырма су қоймасы маңында қонақүйлер мен демалыс нысандары салынып, жаңа жобалар мақұлдануда.
Инфрақұрылым саласында бірнеше бағыт қамтылған. Ауылішілік және облыстық маңызы бар жолдар жөнделіп жатыр. Күршім ауылындағы айналма жол құрылысы басталды. Ауыз сумен қамтылған ауылдар үлесі 95,2 %-ды құрады, жыл соңына дейін 100%-ға жеткізу көзделген.
Білім беру жүйесінде 22 мектеп жұмыс істейді. Қазір бірнеше елді мекенде мектептер мен балабақша салынуда. Білім сапасы – 67,9%. Биыл 7 оқу кабинеті (химия, биология, робототехника) сатып алынды. Қыркүйекте 120 орындық балабақша ашу жоспарда. Балалар үшін жазғы лагерьлер, үйірмелер мен танымдық саяхаттар ұйымдастырылуда.
Денсаулық сақтау саласында 71 бала дүниеге келді. Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Аурухана бөлімшелерінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Израильде үш дәрігердің біліктілігі арттырылды.
Мәдениет пен спорт саласында 135 іс-шара өткізіліп, 10 мыңға жуық адам қамтылды. 119 спорт нысаны жұмыс істейді. Тұрғындардың 41,5%-ы спортпен жүйелі айналысады. Мемлекеттік тілді дамыту аясында 11 іс-шара жоспарланған. Тіл саясатына аудандық бюджеттен қаражат бөлінді.
Шалғай ауылдарды мобильді интернетпен қамту жобалары жүзеге асуда. Антенна-діңгек орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Бірнеше елді мекенде интернет сапасы жақсарады.
Қоғамдық қауіпсіздік бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайды. Аудан аумағында қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Күршім ауданы даму бағытын нақты айқындап, ауыл мен қала тіршілігін қатар дамытып келеді. Экономикалық белсенділік пен әлеуметтік тұрақтылықтың үйлесімі алдағы жартыжылдықта да сақталады деп күтілуде.