Елімізде «Jańa Dala / Green Day ‘2025» агрокөрмесі өтеді

Келесі аптада Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіби мамандар, ғалымдар мен кәсіпкерлер бас қосатын агротехнологияларға арналған арнайы көрме-демонстрация өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
«Jańa Dala / Green Day» көрмесі 2013 жылдан бері еліміздегі ең ірі демонстрациялық алаң ретінде танымал. 2025 жылғы шара бұрынғыдан да ауқымды болмақ: 200-ден астам компания мен 5 мыңға жуық қонақ қатысады деп күтілуде.
Көрме Ақмола облысында ұйымдастырылып, агросектордың нақты көрінісіне айналады. Мұнда 500-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы мен заманауи жабдықтар – дәстүрлі тракторлар мен тұқым сепкіштерден бастап, соңғы буындағы агродрондар мен топырақты сенсорлық талдауға арналған құрылғыларға дейін қойылады. Қазақстандық фермерлер жаңа технологиялармен танысып қана қоймай, оларды өз көздерімен көріп, сынап көру және өндірушілермен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болады.
Көрме бірнеше негізгі бағытты қамтиды: «Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары», «Өсімдік шаруашылығы», «Мал шаруашылығы», «Табысты гектар».
Биылғы басты назар – тиімділік пен тұрақты даму. Келушілерге роботтандырылған сүт фермалары, өсімдіктерді биологиялық қорғау әдістері, өнімділікті басқарудың цифрлық жүйелері, ауылдық жерге бейімделген жаңа пикаптар мен жол талғамайтын көліктер таныстырылады.
Сондай-ақ мал шаруашылығындағы инновациялар, генетика мен селекция, ветеринария, агрохимия және органикалық егіншілік салаларындағы жаңа технологияларға ерекше көңіл бөлінеді. Сала мамандары мен практиктер өзара тәжірибе алмасып, заманауи шешімдердің қазақстандық климат пен нарық жағдайында қаншалықты тиімді екенін бағалай алады.
Көрменің маңызды жаңалығы – Қазақстанда алғаш рет өтетін ветеринариялық мамандардың Құрылтайы болмақ. Бұл жиын агросаладағы жүйелі өзгерістер мен эпизоотикалық қауіпсіздік мәселелері аясында еліміздің ветеринариялық қызметін дамытудың жаңа бағытын қалыптастыруы мүмкін.
Көрермендер үшін арнайы шоу-бағдарлама дайындалған: Етті бағыттағы ІҚМ-ның ұлттық байқауы, ауыл шаруашылығы жануарларының көрмесі, Black Angus, Qazaq Aqbas, QALMAQ Meat брендтерінен шеберлік сабақтары, «Jańa Dala / Green Day ‘2025» үздік бұқасы» байқауы.
Дамир Омаров
Фото: depositphotos.com