ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жол жаңартылып жатыр

Шығыс Қазақстандағы ең көрікті мекендердің бірі — Рахман қайнарына баратын жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы республикалық маңызы бар KZ16-01 автожолының 437-ші мен 450-ші шақырым аралығындағы бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған. Ұзындығы 13 шақырымды құрайтын бұл жол бөлігінің жамылғысы — төртінші техникалық санаттағы қиыршық тасты жабын.
Аталған учаске Өрел, Аршаты, Берел ауылдары мен жыл сайын елдің түкпір-түкпірінен туристер ағылатын «Рахман қайнары» шипажайына қатынасты қамтамасыз етеді.
Жөндеу барысында жол төсемін нығайту ғана емес, сонымен қатар таулы аймақтарға тән жүйелі су ағызу мәселелерін шешу де қарастырылған. Бұл бағытта кюветтер, су өткізгіш құбырлар, темірбетон науалар және терең дренаж жүйелері салынуда. Жалпы алғанда, 17 темірбетон құбыры мен 3 су науасы орнатылады. Олар су тасқыны 3%-дан аспайтын ықтималдықпен өтетіндей есеппен жобаланған.
Жол төсемін нығайту бірнеше технологиялық қабаттардан тұрады: соңғы қабат — 10–20 мм фракциялы жуылған қиыршық тас пен битум эмульсиясы негізінде өңделеді; негізгі қабат — қалыңдығы 5 см болатын суық асфальтобетон (БХ типі); одан төмен 8 см қалыңдықта битум қосылған 20–40 мм фракциялы қара қиыршық тас төселеді; ең төменгі негізге жолдың бойлық және көлденең профильдері түзетіліп, жаңа материал (40% қиыршық тас және 60% құм-қиыршықтас қоспасы) қосылады.
Қазір жолда су ағызу жүйелерін салу, жолды кеңейту және жартасты топырақты өңдеу жұмыстары қатар жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс материалдары — құм-қиыршықтас қоспасы (ПГС) мен темірбетон бұйымдары да дайындалып жатыр.
Бұл жолды жөндеу тек техникалық жоба емес, Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңартылған жол арқылы Рахман қайнарына – табиғи термалды курортқа және ежелгі қорғандарымен әйгілі Берел қорық-музейіне жету әлдеқайда жеңіл болмақ.
Дамир Омаров
Фото: depositphotos.com