ШҚО: Самар ауданында 38 шақырым жол жөнделеді
Өскемен
6-05-2025, 11:48
0

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында 38 шақырым аудандық жол жөндеуден өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Подгорное ауылына апаратын жолдың жай-күйі сын көтермейді. Осыған байланысты ауыл тұрғындары облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесуде көмек сұрады.
– Үш бірдей Кеңес Одағының батыры туған ауылға баратын жолдың қазіргі жағдайы жарамайды. Біз Палатцыдан Подгорноеға дейінгі 18 шақырым жолды, сондай-ақ Қаракөл ауылына апаратын 20 шақырым жолды жөндейміз, – деді өңір басшысы.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, Самар ауданында туризмді дамытып, көлік логистикасын нығайту маңызды.
– Шығыс Қазақстан – тек өнеркәсіп пен ғылым ғана емес, сонымен қатар бай тарих пен мәдениеттің ордасы. Туристер біздің ерекше орындарымызға кедергісіз жете алуы үшін жолдар сапалы болуы қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Салаға жауапты мекемелерге жоба бойынша техникалық және қаржылық мәселелерді пысықтау, жұмыс кезеңдерін бекіту және құрылысқа мүмкіндігінше тезірек кірісу тапсырылды. Жөндеу аясында жол төсемін тегістеу мен асфальттау, жол жиегін нығайту, жол белгілерін орнату және жалпы инфрақұрылымды жақсарту қарастырылған.
Дамир Омаров
Фото: Махаббат Ахметжанова