2 мыңнан астам жұмысшыға 677 млн теңге жалақы қайтарылды

2025 жылдың 1 маусымына дейін еліміздегі 85 кәсіпорын 2 мыңнан астам адамға жалақы төлемей келгені белгілі болды. Жалпы берешек көлемі – 814 миллион теңге. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары еліміз бойынша 2 381 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 2 941 заң бұзушылықты анықтады. Олардың басым бөлігі – еңбек қатынастарына, яғни жалақы төлемеу, еңбек шартының болмауы сияқты жағдайлармен байланысты.
Қандай шаралар қабылданды?
Жалақыны кешіктірген және еңбек заңын бұзған мекеме басшыларына:
1 588 заңды талап (ұйғарым) берілді;
194 миллион теңгеден астам айыппұл салынды;
Жалақыны өтеу үшін қатаң кестелер мен нақты мерзімдер бекітілді.
Қабылданған шаралардың арқасында:
1 900-ден астам жұмысшының құқығы қорғалды;
Олар жалпы сомасы 677 миллион теңге жалақысын қайтарып алды;
Еңбек құқығы бұзылған 17,2 мыңнан астам адамның мәселесі шешілді.
Жалақы уақытылы төленбеуі, еңбек шарттарының сақталмауы – қарапайым адамдардың өміріне тікелей әсер ететін күрделі мәселе. Сондықтан мұндай заңбұзушылықтар Еңбек министрлігінің ерекше бақылауында. Мемлекет еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
Фото: pixabay.com