Көктемгі бақылау: заң бұзушыға – айыппұл, балық өсіміне – мүмкіндік

44 келі заңсыз ауланған балық, 133 аулау құралы мен көлік тәркіленіп, 2,4 миллион теңге айыппұл салынды — бұл «Уылдырық шашу – 2025» көктемгі акциясы барысында жүргізілген рейдтік іс-шаралардың басты қорытындысы. Табиғат қорғаушылары мен инспекторлар Зайсан-Ертіс бассейнінде балықтардың көбею кезеңінде су ресурстарын сақтау үшін күресті күшейтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сәуір мен мамыр аралығында Зайсан мен Ертіс бойында әдеттегіден көп қозғалыс болды. Бірақ бұл жолы көл бетінде қармақшылардан бұрын инспекторлар жүзіп жүрді. Уылдырық шашуға шыққан балықты қорғау – басты міндет. Тәртіп сақшылары бір жарым айда жүзден аса заң бұзушылықты тіркеген.
Кейбірі балық аулау маусымын шатастырып алса, енді бірі — әдейілеп тыйым салынған торлармен балықты қырып алуға тырысқан. Ал жыл басынан бері инспекция 656 рет рейдке шығып, шамамен 10 миллион теңге айыппұл салып үлгерді. Оның 90%-ы өндіріліп қойған.
Сонымен бірге «Таза су айдындары» экологиялық науқаны аясында мамыр бойы көл жағалаулары мен түбі күл-қоқыстан тазартылып, иесіз қалған жүзден астам аулылар судан алынып жойылды.
Бұл жұмысқа 270-тен астам адам, алпыстан аса техника, ондаған моторлы қайықтар жұмылдырылды. Нәтижесінде 33 тоннадан астам қалдық жиналды. Экологияны қорғау тек тазалықпен шектелмеді — мамандар жергілікті тұрғындармен, оқушылармен, студенттермен кездесіп, табиғатты аялау, ережені сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тазалау мен қорғау жүзеге асқан соң балық басын көбейту жұмыстары қолға алынды. Көктемде Бұқтырма мен Өскемен су қоймаларына 12 миллионға жуық сиг тұқымдас шабақ жіберілді. Мұның арасында ақбалық пен рипус түрлері бар. Ал былтырғы көрсеткіш бұдан екі есе көп – су қоймаларына 28,5 миллион шабақ жіберілген.
Оған мемлекет 75 миллион теңге бөлсе, экологиялық залал келтірген кәсіпорындар да жұмылдырылып, өз есебінен 3,5 миллионнан астам шабақ жіберіп, 34 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеген. Бұл шабақтар – келер жылдардың мол қорына жол ашпақ.
Аймақта атқарылып жатқан істер 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының нақты нәтижесі. Жаңа бағдарлама аквамәдениетті өркендетіп, балық өнімін көбейтуді, табиғи қорды сақтауды көздейді.
Мемлекет жем-шөп, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек алуға субсидия, инвестициялық шығынды өтеу, 2,5%-пен жеңілдетілген несие беру сияқты қолдау тетіктерін іске қосқан. Тек 2024 жылы ШҚО-да осы мақсатқа 424 миллион теңге бөлініп, 25 миллион теңгеге арнайы техника мен көлік сатып алынған. Бұған қоса, 8 кәсіпорын балық аулаушы емес, өсіруші мәртебесін алып, заңды жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Мемлекеттік инспекция, жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар мен балық шаруашылығына бейжай қарамайтын азаматтардың бірлескен еңбегі су айдындарын сақтап қана қоймай, балық қорын арттырып, экожүйені қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр.
Әл-Сана Азамат