ШҚО-да еңбек қауіпсіздігін жасанды интеллект көмегімен күшейтпек

Өскемен / Білім 29-05-2025, 10:06

ШҚО-да өндірістегі қауіп-қатерлерді талдап, болжауға және жұмысшылардың еңбек жағдайы мен қауіпті аймақтарды онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі Біріңғай цифрлық мониторинг платформасын енгізу жоспарлануда. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Департаменті басшысының орынбасары Кайрат Аблкайров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді. 

Жаңа жүйенің пилоттық  іске қосылуы 2025 жылға жоспарланған — ол бес ірі кәсіпорында сынақтан өтеді. Ал 2028 жылға қарай бұл цифрлық платформа қауіп-қатері жоғары барлық өндірістер үшін міндетті болады.

Аймақта қазірдің өзінде 3786 кәсіпорынды қамтитын «Еңбек тәуекелдерінің картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы 25 сәуірдегі деректерге сәйкес:
– 31 кәсіпорын әлеуметтік тұрақсыздық қаупі жоғары санатқа жатқызылған;
– 49 кәсіпорын — орташа тәуекел деңгейінде;
– 3705 кәсіпорын — ең төменгі тәуекел деңгейінде.

2024 жылдың қыркүйегінен бастап, карта іске қосылғаннан кейін, еңбек инспекторлары 170 кәсіпорынды жоғары тәуекел аймағынан шығарып, 3800-ден астам жұмысшының құқығын қорғауға қол жеткізді. Осы уақыт аралығында 42,1 млн теңге көлеміндегі жалақы қарызы өтеліп, еңбек заңнамасының 72 бұзушылығы анықталды. 25 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,1 млн теңге айыппұл салынды.

Еңбек қауіпсіздігі саласындағы цифрландыруды дамыту Дүниежүзілік еңбек қауіпсіздігі күніне орайластырылған. Бұл күн жыл сайын 28 сәуірде атап өтіледі. Биылғы жылдың ұраны: «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына революциялық көзқарастар: жұмыс орындарындағы жасанды интеллект пен цифрландырудың рөлі».

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар