Ауыл шаруашылығы: аграрлық салаға кадр даярлау жұмысы күшейтілмек

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еліміздің аграрлық саласына үлкен мән берілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігі саладағы кадр мәселесін шешу, жұмыс орындарын ашу және аграрлық мамандықтардың беделін арттыру бағытында арнайы жоспар қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қазіргі таңда елге агроном, селекционер, ветеринар және механизатор сынды мамандар ауадай қажет. Осы орайда министрлік өңірлермен бірлесіп, бұл бағытта оқыту мен тәжірибені күшейтпек.
2024–2026 жылдар аралығында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қарасты ұйымдар ауыл шаруашылығына бағытталған 26 ғылыми бағдарлама бойынша жұмыс жүргізбек. Оның аясында 100-ден астам жаңа тұқым түрі шығарылып, мыңдаған тонна бастапқы тұқым дайындалады. Сондай-ақ мал өсіру мен азықтандыруға арналған жаңа технологиялар мен ғылыми әдістер әзірленеді.
Бұдан бөлек, органикалық егіншілікке жарамды жерлердің цифрлық картасы жасалып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің заманауи тәсілдері дайындалуда. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты нақты ұсыныстар да осы бағдарламалар аясында жасалады.
Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту – бұл тек зерттеу емес, өндіріс үшін нақты нәтиже беруі тиіс бағыт. Ғылыми жаңалықтар мен технологияларды шаруаларға тез жеткізу – басты міндет.
Фото: pexels.com