ШҚО: Инновациялар мен кадр саясаты – даму өзегі

Өскеменде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы жоғары оқу орындарының ректорларымен, ғалымдармен және академиялық орта өкілдерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерге сай ғылым, білім беру және кадр даярлау салаларын дамыту басымдықтары сөз болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кездесуге Шығыс Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, С. Аманжолов атындағы ШҚУ және ҚАЗТУ өкілдері қатысты. Бұл басқосу стратегиялық ой-пікір алмасу мен өңірлік ғылыми диалог алаңына айналды.
Ғылыми қауымдастық өкілдері Шығыс Қазақстанда инновациялық жобалар сәтті іске асып жатқанын атап өтті. Аймақтың ғылыми әлеуетін Shygys-Bastau технопаркі (С. Аманжолов атындағы ШҚУ базасында) мен «Лу Бань шеберханасы» (Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында) сынды бастамалар айқын дәлелдеп отыр. Олар өңірдің халықаралық ғылыми кооперацияның жаңа орталығына айналу әлеуетін көрсетті.
Кездесуде кадр даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде кәсіби, инженерлік және педагогикалық мамандарды оқыту нақты нәтижелерін беруде.
Кездесу қатысушыларының пікірінше, өнеркәсіп пен білім саласы арасында берік әріптестік орнаған. Алдағы уақытта өңірдегі ЖОО-ларда «Жаңартылатын энергетика», «Құрылыс сметасы ісі», «Логистика», «Әуе тасымалын ұйымдастыру» сияқты еңбек нарығына қажетті жаңа білім беру бағдарламалары ашылады. Бұл – өңірдің экономика сұранысына бейімделуге дайын екенін айғақтайды.
ЖОО мен ғылыми ортаның өкілдері Шығыс Қазақстанның академиялық көшбасшылықтың мықты іргетасы ғана емес, сонымен қатар шетелге де сұранысқа ие нақты инновациялар туындайтын алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өңір білім, ғылым және өнеркәсіп өзара тығыз байланыста әрекет ететін, уақыт талабына лайықты жауап бере алатын тұрақты экожүйе қалыптастырып келеді.
Президент кеңесшісінің өңірдің ғылыми қауымдастығымен кездесуі – Шығыс Қазақстанда инновация мен жоғары білікті мамандар даярлау басымдығы жай ұран емес, әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы нақты бағдар екенін көрсетті.
Дамир Омаров, Әл-Сана Азамат
Фото: Екатерина Сёмина
Бейне: Руслан Акматалиев