Қазақстанда жануарлар ауруы айтарлықтай азайды – АШМ

Жыл басынан бері Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының аурушаңдығы 68,1%-ға төмендеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, соңғы үш жылда жүргізілген жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесінде жануарлар ауруы 49,1%-ға азайған. Ал 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш – 68,1%.
Негізінен төмендеу бруцеллёз, құтырма, эмкар және сібір жарасы секілді қауіпті аурулар бойынша тіркелді.
2025 жылы қандай жұмыстар атқарылады?
- Жануарларды 22 түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцинамен қамту жоспарланып отыр.
- Вакциналардың 74,4%-ы отандық өнім болады.
- Ветеринариялық құрал-жабдықтарға шетелге тәуелділік азаюда – қажет 32 құралдың 14-і Қазақстанда өндіріледі, 12-сі тіркеуде.
Сібір жарасы ошақтарында қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде. Республика бойынша тіркелген 2560 көму орнының 2211-і санитариялық талаптарға сай келтірілген.
2024 жылы 113 ветеринариялық пункт салынды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 353 пункт, 82 скотомогильник және 28 сою пункті ашылады.
Қабылданған шаралар арқасында Қазақстан аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотиялық тұрақтылыққа қол жеткізді. Нәтижесінде Қытай мен Ресей тарапынан қойылған кейбір экспорттық шектеулер алынды. Бұған қоса, Қытай, Еуропалық одақ, Иран және Грузиямен жаңа ветеринариялық келісімдер жасалды. Түркия, Пәкістан, Ауғанстанмен келіссөздер жалғасып жатыр.
Фото: pexels.com