Спортты дамытуға бағытталған заң ресми түрде іске аса бастады

Қазақстанда дене шынықтыру мен спорт саласын жаңғыртуға бағытталған жаңа заң күшіне енді. Бұл заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде қол қойған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа заң спорт саясатының тиімділігін арттыруға, бюджетті үнемдеп, оны дұрыс пайдалануға жол ашпақ. Командалық спорт түрлеріне бөлінетін қаражат енді айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстырылып бекітіледі. Бұл қаржыландыру көлемін жыл сайын қысқартпай, инфляцияға қарай реттеп отыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда елімізде 60-тан астам спорт түрі басым бағыт ретінде белгіленген. Соның ішінде шамамен 30-ы әр өңірде жүйелі түрде дамып келеді. Бұл қатарға Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындары мен ұлттық спорт түрлері кіреді.
Жаңа заңда спорт федерацияларының мәртебесі де нақты көрсетілген. Енді республикалық және өңірлік бірлестіктер аккредиттелген ұлттық федерациялар ретінде тіркеледі. Сонымен қатар, жергілікті федерациялардың ұлттық құрамға мүшелігі – міндетті талап.
І топтағы мүгедектігі бар спортшыларға арнайы сүйемелдеуші тұлғалардың көмегі заңмен бекітілді. Олар спортшыға киім ауыстыру, медициналық тексеруден өту және басқа да қажетті жағдайларда көмек көрсететін болады. Бұл спортшылардың жаттығу мен жарысқа толық қатысуына қолайлы жағдай туғызады.
Сондай-ақ спорт мекемелеріндегі басшылар енді бес жыл сайын ротация тәртібімен ауыстырылып отырады. Егер белгілі бір ауданда бір ғана спорт мекемесі болса, басшыны көршілес ауданға ауыстыру қарастырылады.
Министрліктің мәліметінше, елімізде 180-нен астам спорт түрі бар, алайда олардың ішінде тұрақты халықаралық нәтиже көрсетіп жүргені – небәрі 14 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрі. Осы себепті заң жүйелі өзгерістерді талап еткен. Қазіргі уақытта Туризм және спорт министрлігі заңдағы нормаларды іске асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Дамир Омаров
Фото: depositphotos.com