Тарбағатай ауданы: әлеуметтік нысандар жаңарып, инфрақұрылым дамуда

Тарбағатай ауданы соңғы үш жылда елеулі өзгерістерге ұшырап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа кезеңге көтерілді. Ауданның дербес мәртебе алуы, ұлттық жобалар мен Президент тапсырмаларына сәйкес жүргізілген кешенді жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді. Инфрақұрылым жаңғыруда, өндіріс күшейді, ауылдар көркейіп, халықтың тұрмыс сапасы жақсарып келеді. 2025 жылдың 10 айындағы көрсеткіштер Тарбағатай өңірінің тұрақты әрі қарқынды даму жолында екенін дәлелдеп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталды.
– Мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен қолдау тетіктері ауданның барлық саласының дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Тарбағатай бүгінгі күні жаңару кезеңіне қадам басқан, болашағы айқын өңірге айналып келеді. Биыл Тарбағатай ауданын дамытудың кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жалғасты. Оған он айдағы жұмыс қорытындылары дәлел, – деді аудан әкімі.
Өнеркәсіп және экономикалық көрсеткіштер
Тарбағатай ауданының өнеркәсіп әлеуеті 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында айтарлықтай өсті. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 3 375,4 млн теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 182,4%-ға артты. Оның ішінде:
· Өңдеу өнеркәсібі өнімдері – 1 187,5 млн теңге, өсу қарқыны 128,8%.
· Тау-кен өнеркәсібі өнімдері – 1 609,5 млн теңге, өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге ұлғайды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 23 255,3 млн теңгені құрап, өсу қарқыны 122,7%-ға жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 25 196,9 млн теңгені құрады, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.
Құрылыс саласында да айтарлықтай жетістіктер бар: 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 23 730,9 млн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 3,2 есеге ұлғайды. Аудан бойынша өткен жылдың тиісті кезеңінде 4 646 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл 4 797 шаршы метрді құрап, өсу қарқыны 102,9%-ды көрсетті.
Жергілікті бюджеттің өзіндік кірістері 1 866,8 млн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 114,5%-ға артты. Бұл көрсеткіштер экономикалық дамудың тұрақтылығын, инвестициялық тартымдылығын және аудан тұрғындарының әл-ауқатының артуын көрсетеді.
Білім беру саласы: мектептер жаңарып, білім сапасы артты
Білім беру саласы бойынша биыл 13 жобаны жүзеге асыруға 1 153,8 млн теңге жұмсалды. Соның ішінде 2025 жылы Сарыөлең ауылына жаңа мектеп салынды (құны – 550 000 млн теңге), ол 2026 жылы қолданысқа беріледі.
Аудан бойынша білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, оқу процесінің сапасын арттыру мақсатында бірқатар нысандарда ағымдағы жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жалпы сомасы 253 818,1 млн теңге қаражат игеріліп, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы білім беру ортасы қалыптастырылды.
Мысалы:
· К. Жарылқасынов атындағы Жаңалық орта мектебінің жылу жүйесі жаңартылды.
· Асусай мектеп-балабақша кешенінде жылу қазандығы мен электр жүйесі жөнделді.
· Ш. Уәлиханов және Қ. Ақынов атындағы мектептерде жаңа STEM кабинеттері іске қосылды.
Аудан оқушыларының жетістіктері де жылдан жылға артып келеді: 2024-2025 оқу жылында облыстық жарыстарда 284, республикалық олимпиадаларда 22 жүлделі орын алынды.
Алдағы жоспарларда Ақжар ауылындағы мектеп-лицей және Тұғыл ауылындағы орта мектеп ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ жаңа Балалар өнер мектебін салу бар.
Денсаулық сақтау: жаңа кезең
Соңғы үш жылда аудан денсаулық сақтау саласында ауқымды жобаларды жүзеге асырды. 2023-2024 жылдары тоғыз ауылда жаңа медициналық пункттер салынып, пайдалануға берілді. Аудандық ауруханада ауызсу, кәріз, жылу жүйелері жаңартылып, перзентхана бөлімшесі толық жөнделді.
2025 жылы 11 жобаға 1 271,2 млн теңге бөлінді. Мысалы:
· Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілді (330 600,3 млн теңге).
· Жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етеді.
· Қабанбай ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр.
Бұл шаралар аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту және медициналық инфрақұрылымды жаңарту үшін жүргізілуде.
Мәдениет және спорт саласы
2023-2024 жылдары 23 ірі жобаны іске асыруға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Атап айтқанда:
· Тұғыл ауылында спорттық-сауықтыру кешені салынды.
· Ақжар ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда (құны – 520 085 млн теңге, 2026 жылы пайдалануға беріледі).
· Ауданның барлық мәдениет үйлеріне музыкалық аппаратуралар, LED экрандар, көлік құралдары алынған.
Жыл көлемінде ауылдық округтерде 180-ге жуық концерт, 3 спектакль, 18 театрландырылған көрініс өткізілді, 126 950 адам мәдени шараларға тартылды.
Аудан өнерпаздары халықаралық фестивальдерде, облыстық конкурстарда үздік нәтижелерге жетіп, қазақ мәдениетін танытуда.
Жолдар мен инфрақұрылым
2025 жылы аудандық маңызы бар ауылдық округ орталықтарының жолдарына 100% асфальт төселді. Биыл жалпы 76,6 шақырым жол жөнделіп, оның ішінде 49,75 шақырымы асфальтпен жабылды, қалғаны қиыршық таспен тегістелді.
Аудандағы барлық ауылдар ауыз сумен қамтылды, жаңа су және кәріз жүйелері салынды. Интернет және телекоммуникациялық инфрақұрылымға 157 571,6 млн теңге қаражат бөлінді, шалғай ауылдарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін биіктігі 20–40 метр антенна-мұнаралары салынды.
Тұрғын үйлер мен абаттандыру
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 2022-2025 жылдар аралығында 123 тұрғын үй салынып пайдалануға берілді, 2025 жылы 20 үйдің құрылысы аяқталып, кілттері тұрғындарға табыс етіледі.
Аудан аумағында абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде: балалар ойын алаңдары, мини-футбол және стрит-воркаут кешендері салынды. Ақжар, Тұғыл, Жетіарал ауылдарының көшелері жаңартылып, көшелерді жарықтандыру мен қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді.
Экономикалық даму және стратегиялық жобалар
Аудан стратегиялық жобаларды іске асыруда:
· Сәтпай ауылынан әуежай құрылыс жұмыстары басталды, бұл логистиканы жақсартып, туризм мен бизнестің дамуына ықпал етеді.
· Зайсан көліне түсетін су жолы порты мен Майқапшағай – Тұғыл бағыты бойынша теміржол салу жоспарлануда.
· «Қызылқайың» кен орнындағы барлау жұмыстары өндірістік кластер құруға жол ашады, жобаның іске асырылуы 1500-ге жуық адамға тұрақты жұмыс орындарын береді.
Аудан тоғыз жолдың торабында орналасып, өнеркәсіптік әлеуеті бар, туризмі дамыған өңірге айналмақ.
– Осы игілікті бастамалардың барлығы Тарбағатай өңірінің келешегінің кемел екенін көрсетеді. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер мен жарқын мүмкіндіктер тұр. Біз бірлесе отырып туған өлкемізді жаңа биікке көтереміз, – дейді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.
