Елімізде Құралайдың салқыны басталды

Мамыр айының бел ортасында орын алатын ерекше табиғи құбылыстардың бірі — Құралайдың салқыны. Бұл — қазақ даласына тән, көктем мен жаздың тоғысар шағында кенеттен соғатын суық жел мен ауа райының құбылуы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл кезеңде аспан бұлттанып, күн күрт суытады, кей өңірлерде жаңбыр жауып, тіпті қар ұшқыны да байқалуы мүмкін. Табиғаттың тосын мінезіне халық ежелден-ақ мән беріп, бұл құбылысты «құралайдың салқыны» деп атап кеткен. Бұл атау тек ауа райын емес, сол мезгілде болатын тіршілік иелерінің күй-тіршілігін де бейнелейді.
Дәл осы уақытта киіктер төлдеп, лағын өргізеді. Бұл — дала тіршілігіндегі ерекше әрі нәзік сәт. Табиғат ананың тылсым тынысы сезіліп, даланың өзі өзгеше күйге енеді. Жаңарған жусанды дала, көкке малынған кең жазира жаз маусымына бет алғанымен, Құралайдың салқыны адамдарды қырағылыққа, сақтыққа шақырады.
Бұл құбылыс — ата-бабаларымыздың табиғатпен үндестікпен өмір сүргенінің, олардың тәжірибесінің өміршең әрі ұрпаққа өнеге екенінің бір дәлелі. Қазақтың ауа райын тек күнтізбемен емес, осындай табиғи белгілермен де болжап отырғаны — халқымыздың табиғатты терең тани білгендігін көрсетеді.
Фото: businessinsider.com