ШҚО-да «Қарасора – 2025» жедел профилактикалық шарасы аясында 20 келіден астам есірткі тәркіленді

Шығыс Қазақстан 9-07-2025, 18:04
Шығыс Қазақстан облысында 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткізіліп жатқан «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткіге қатысты 41 құқықбұзушылық анықталды. Тәртіп сақшылары 20 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеп, есірткіні «жасырын сату» арқылы таратумен айналысқан адамдарды ұстады. Бұл туралы Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділов ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді. 
 
Тәркіленген заттардың ішінде «мефедрон» мен «альфа-ПВП» секілді психобелсенді заттар бар. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, полицейлер тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 4 фитолабораторияны жойды.
 
Есірткіге қарсы күрес тек жедел шаралармен шектелмейді. ҚР Ішкі істер министрі жариялаған «Профилактика жылы» аясында облыс көлемінде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 300-ден астам іс-шара өткізіліп, 71 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
 
Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған 26 мамыр мен 26 маусым аралығындағы айлық шеңберінде 48 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлерінің қатысуымен өткен «Чемпиондық рух» атты таңғы жаттығу, балалар лагерьлерінде өткізілген жағажай волейболы, футбол, баскетбол және үстел теннисі секілді спорттық жарыстар бар.
 
Сонымен қатар, аула клубтарында балалар арасында есірткіге қарсы сурет байқауы өткізіліп, жеңімпаздар Полиция департаменті атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 
Айта кету керек, 26 маусым Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай облыс бойынша 10 000-нан астам адамды қамтыған кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар өтті. Бұл күні флешмоб, байкерлер мотошеруі, би байқауы, спорттық жарыстар мен Арбат алаңында эстрада жұлдыздары қатысқан концерт ұйымдастырылды.
Фото: pexels.com
Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар