Ауыл халқына қолжетімді медицина: Жыл соңына дейін елімізде 150 жаңа нысан ашылады

Қазақстанда ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жақындату бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биылғы жылдың соңына дейін 150-ге жуық жаңа медициналық нысан пайдалануға берілмек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жалпы, елімізде 655 алғашқы медициналық-санитариялық нысан салу жоспарланған. Олардың қатарында 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) және 160 дәрігерлік амбулатория бар.
Құрылыс жұмыстары бірнеше қаржы көзінен жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда:
- арнаулы мемлекеттік қорлар,
- жергілікті бюджеттер,
- «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясындағы қаржыландыру есебінен.
Қазіргі таңда 508 нысанның құрылысы аяқталуға жақын, ал Шығыс Қазақстан облысында 35 мекеме халыққа қызмет көрсете бастады.
Жоба ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қол жеткізуін жеңілдетіп, өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, жаңа нысандар ауыл дәрігерлері мен фельдшерлердің еңбек жағдайын жақсартуға да жол ашады.
Бұл бастама – ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту жолындағы нақты әрі маңызды қадам.