Тарбағатай ауданында кәріз тазарту нысанының жұмысы қайта жанданды

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты Ақжар ауылында жергілікті тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі шешімін тапты. Тарбағатай ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2019 жылы басталған, алайда түрлі себептермен ұзақ уақыт аяқталмай қалған кәріз тазарту нысанының жұмысы қайта жанданды.
Биыл бұл мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынып, Астанадан арнайы мамандар шақырылып, барлық жүйелер тексеруден өтті. Бүгінгі таңда нысан толықтай пайдалануға дайын, – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сонымен қатар, аталған мекеме тиімді жұмыс істеуі үшін кәріз жүйесіне тәулігіне кемінде 1000 текше метр су келіп түсуі қажет екенін атап өтті. Әйтпесе, қыс мезгілінде нысанның қатып қалу қаупі бар.
Кәріз тазарту құрылыстары округтің санитарлық және экологиялық қауіпсіздігі үшін маңызды. Оның үздіксіз жұмыс істеуі үшін барлық тұрғын үйлер, білім және денсаулық сақтау мекемелері, дүкендер мен бизнес нысандары жүйеге қосылуы қажет, – деді аудан әкімдігі.
Нысанды қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі, Ақжар ауылдық округінің әкімі мен жастар ресурстық орталығының директоры барып көріп шықты.
Әкімдік бұл нысанның іске қосылуы жергілікті биліктің халықтың үнін естуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға дайын екенін көрсететінін атап өтті.