Самар ауылындағы су құбыры жобасы алты жылдан соң қайта жанданды — ШҚО

Самар ауданының орталығы — Самар ауылында көп жылдан бері тұралап тұрған су құбыры желісін жаңғырту жобасының соңғы кезеңі басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2019 жылы басталған бұл жоба түрлі себептермен бірнеше рет кейінге шегеріліп, ұзақ уақыт аяқталмай келген болатын. Биыл сәуір айынан бастап маңызды нысандағы құрылыс жұмыстары қайта қолға алынды. Су жүйесінің іске қосылуы ауылдағы жүздеген тұрғынның өмір сапасына тікелей әсер етпек.
Су мәселесі ауданның басқа елді мекендерінде де өзекті болып отыр. Құлынжоң, Аққала және Көкжыра ауылдарындағы үш су құбыры жобасы әлі аяқталмаған. Аудан тұрғындарымен кездесуде ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов барлық жұмыстарды аяқтап, үйлерді орталықтандырылған су жүйесіне қосу жөнінде тапсырма берген.
Бұл мәселені шешу – бағдарламаның орындалуы ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасының артуы. Жергілікті билік жобаны соңына дейін жеткізіп, халықты ауызсумен толық қамтамасыз етпек.