Уәли Қыдыр «Turkistan» телеарнасына бас директор болып тағайындалды

«Turkistan» телеарнасына жаңа бас директор тағайындалды. Бұл қызметке тәжірибелі тележурналист Уәли Қыдыр келді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Aigak.kz сайтына сілтеме жасап.
Қыдыр Уәли Сағындықұлы 1975 жылы 21 қаңтарда Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Қызмет жолын 2000 жылы Әділет министрлігі «Заң» АҚ-ның басылымдарын шығарушы редактор болып бастаған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы лауазымында болған. 2002-2004 жылдары республикалық «Заң» газетінің тілшісі, бөлім редакторы. 2008-2009 жылдар аралығында республикалық «Нұр Астана» газетінің Алматы бөлімшесін басқарды.
2009-2012 жылдары еліміздегі көптеген газет-журналдардың басын біріктіретін «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары, 2012 жылдан бері Қазақ радиоcы директорының орынбасары қызметін атқарған.
2013 жылдан бастап «Қазақстан» РТРК АҚ ұлттық телеарнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы – «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бас директоры болған. 2018 жылы бұл қызметінен Астанаға «Қазақстан» РТРК АҚ ауысқан еді.
Уәли Қыдыр бұл қызметке Жанахмет Ағыбаевтың орнына келді. Бұрынғы бас директор өз еркімен қызметінен кетіп, болашақта басқа салада елге қызмет етуді көздеп отыр.
Фото: Түркістан телеарнасы