Қазақстандық оқушылар Еуропалық физика олимпиадасында бақ сынайды

13–17 маусым күндері Болгарияның София қаласында Еуропалық физика олимпиадасы (EuPhO-2025) өтеді. Бұл додаға 30 елден 200-ден астам мектеп оқушылары қатысып жатыр. Қазақстан намысын 5 дарынды жас қорғайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биыл еліміздің атынан олимпиадаға келесі оқушылар аттанып отыр:
– Ілияс Қазымбек – Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы;
– Алтаир Ақанов – дәл осы мектептің тағы бір 10-сынып оқушысы;
– Роман Черемнов – Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы;
– Даниэль Тюлюбаев – Астанадағы «Нұрорда» халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы;
– Таир Абдикадыр – Қостанайдағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.
Жас физиктерге олимпиадада тәжірибелі жаттықтырушылар жетекшілік етеді:
– Андрей Сидоренко – бірнеше халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
– Темірлан Исмағұлов – ол да білім сайыстарының бірнеше мәрте жеңімпазы.
Айта кетейік, Еуропалық физика олимпиадасы – ғылымға құштар, есеп-қисапты жақсы көретін оқушылар үшін үлкен мүмкіндік. Өткен жылы Қазақстан командасы бұл жарыстан 2 күміс пен 2 қола медаль алып қайтқан болатын.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі