Өскемендік оқушы халықаралық химия олимпиадасынан жүлдемен оралды

Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Айзере Жеңісханова халықаралық білім додасында топ жарды. Ол Бразилияның Белу-Оризонти қаласында өткен 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айзере білімін әлемнің 40 елінен келген мықты оқушылармен бірге сынады. Бұл олимпиадада қатысушылар үш кезеңнен өтті: екі теориялық және бір практикалық тур. Айзере бар білімін салып, үздік нәтиже көрсетті.
Жалпы, Қазақстан құрамасы бұл жарыста өте сәтті өнер көрсетіп, 11 медаль жеңіп алды. Менделеев олимпиадасы – химиядан халықаралық олимпиадаға (IChO) дайындықтың маңызды бір кезеңі. Биылғы халықаралық химия олимпиадасы 5–14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтеді.