Шығысқазақстандық оқушы Орталық Азияда информатикадан үздік деп танылды

Ташкентте өткен III Халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасында қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Өскемендегі “Білім-инновация” лицейінің 9-сынып оқушысы Алдияр Амангелді информатика пәнінен алтын медаль иеленіп, Орталық Азия бойынша үздік қатысушы атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Олимпиада 7–13 мамыр аралығында өтіп, оған тоғыз елден келген 200-ден астам дарынды оқушы қатысты. Алдияр Амангелді өз бағытын дәл тауып, ерекше білім-білігін дәлелдей алды.
Қазақстан құрамасы бұл олимпиадада 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, барлық алты оқушы да жүлделі орыннан көрінді:
- Алдияр Амангелді – Өскемен, «Білім-инновация» лицейі, 9-сынып
- Әли Мендеке – Семей, «Білім-инновация» лицейі, 9-сынып
- Мейірбек Мұрат – Орал, НЗМ, 9-сынып
- Медеу Жұбатыров – Ақтау, «Білім-инновация» лицейі, 8-сынып
- Айдайбек Абдурахман – Тараз, «Білім-инновация» лицейі, 9-сынып
- Нұрислам Дүйсенғали – Алматы, РФММ, 9-сынып
Жас зияткерлерді халықаралық сайысқа Ибрагим Ибатулин мен Жамбыл Максотов дайындаған.
Айта кетейік, Әл-Хорезми олимпиадасы Орталық Азия жастарының ғылымға деген қызығушылығын арттыру, математика мен информатиканы кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі. Өткен жылы қазақстандық команда бұл байқаудан 4 медаль алып қайтқан болатын.
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі