ҰБТ-2025: Үш апта ішінде 164 мыңнан астам тест тапсырылды

Биылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырда басталған болатын. Үш апта ішінде 164 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. Олардың 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, ал 136 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, талапкерлердің 69 пайызы шекті баллды жинай алған. Бес пәннен есептелетін орташа балл – 65. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл көрсеткіш Түркістан облысынан шыққан Әбілхан Жәнібек есімді талапкерге тиесілі.
Талапкерлер ең көп таңдаған пән комбинациялары мынадай:
-
«Математика-Физика» – 18%
-
«Биология-Химия» – 15%
-
«Шығармашылық емтихан» – 14%
Мүмкіндігі шектеулі талапкерлер үшін де қолайлы жағдай жасалған. Нәтижесінде, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 477 талапкер ҰБТ-ға қатыса алды.
Тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруге болады. Техникалық себептер туындаған жағдайда шағым тестілеу кезінде қабылданады. Сертификаттар апелляция аяқталған соң жеке кабинетке жүктеледі.
Үш апта ішінде 206 ереже бұзу оқиғасы тіркелді. Оның ішінде:
-
98 талапкер тыйым салынған затты алып кірмек болған;
-
108 адам тестілеу кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды;
-
Басқа адамның орнына тест тапсыру әрекеті тіркелмеген.
ҰБТ аяқталғаннан кейін, яғни 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер заңбұзушылық анықталса, нәтижелер жойылады.
Айта кетейік, 2025 жылғы ҰБТ-ға қатысу үшін 216 мыңға жуық талапкерден 399 мың өтініш түскен.
Фото: kazaknews.kz