Елімізде жаңа Су кодексі күшіне енді: су саясатында не өзгереді?

Қазақстанда 2025 жылдың маусым айынан бастап жаңа Су кодексі күшіне енді. Бұл құжатты Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірледі. Кодекс елдегі су ресурстарын басқару мен қорғауға қатысты тәртіптерді жаңаша реттейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа кодексте алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық өзен-көлдер бойынша еліміздің мүддесін сақтауды көздейді. Су көздерінің тартылып кетуін болдырмау үшін «экологиялық ағын» деген ұғым да қосылды. Бұл өзендер мен көлдердің табиғи экожүйесін сақтау үшін қажетті ең төменгі су деңгейін қамтамасыз етуді білдіреді.
Енді су ресурстарын басқару нақты жоспарлар арқылы жүзеге асады. Арнайы бассейндік жоспарлар жасалып, су көлемі мен болжамдары ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл жоспарлар мемлекеттік саясатта да басшылыққа алынады. Сонымен қатар, су мәселелерін шешуге жергілікті қауымдастықтардың қатысуына мүмкіндік берілді. Су бассейндері бойынша құрылған кеңестер ұсыныстар беріп, жергілікті басқару қателіктерін түзетуге ықпал ете алады.
Су объектілерін қорғау талаптары кеңейді. Шағын өзендерге тұйық бөгет салуға тыйым салынды. Сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтар арнайы қорғауға алынды. Ал әкімдіктер екі жыл ішінде барлық елді мекендердегі су қорғау аймақтары мен белдеулерін нақтылап бекітуі тиіс.
Климат өзгерісіне бейімделу шаралары заңда көрсетілді. Бұл шаралар өзен-көлдерді тереңдету, тазалау, су тасқыны кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ суды сақтау және құрғақшылық кезінде пайдалану жолдарын қамтиды. Ауыл шаруашылығында тұщытылған су пайдалану және үнемдеу технологияларын енгізу де осы бағытқа кіреді.
Су тасқыны мен қуаңшылықпен күресте әр деңгейдегі жауапкершілік те нақты бөлінді. Су ресурстары және ирригация министрлігі гидротехникалық нысандардың жұмысын бақылап, артық судың қауіпсіз бағытталуын қадағалайды.
Су ресурстарын басқаруда ашықтыққа басымдық берілді. Енді жыл сайын ресми сайтта елдегі су ресурстары жайлы Ұлттық ақпараттық есеп жарияланып отырады. Сонымен бірге, қазіргі таңда пилоттық режимде жұмыс істеп жатқан ұлттық ақпараттық жүйе төрт модульден тұрады: әкімшілік, су пайдалану, трансшекаралық су және картография.
Суды үнемдеуді ынталандыратын жаңа тәртіптер де енгізілді. Су пайдалануға рұқсат тек қайта пайдалану жоспары болғанда ғана беріледі. Бұл жоспарды әзірлеуге екі жыл, ал оны іске асыруға бес жыл уақыт белгіленген.
Ауыл шаруашылығында су шығынын азайту мақсатында жаңартылған ережелер қабылданды. Атап айтқанда, егін алқаптарына ортақ су инфрақұрылымын басқару тәртібі нақтыланып, қажет болған жағдайда оны уақытша әкімдік басқаруы мүмкін. Енді ауыл шаруашылығы мақсатында еріген қар суын жинауға рұқсат қажет емес, тек көлемі 2 миллион текше метрден аспайтын қойма салынып, ол туралы бассейн инспекциясына хабар берілуге тиіс.
Жаңа кодексте гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі жеке қарастырылды. Бұл нысандардың тізімі жасалып, пайдалану тәртібі мен қауіпсіздік декларациялары арқылы кешенді тексерулер жүргізу талаптары бекітілді.