«Дарын» сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты: биыл қандай өзгерістер бар?

Қазақстан жаңалықтары 14-07-2025, 12:11

Ел Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстау талаптары қарастырылған брифинг өтті, деп хабарлайды Аltainews.kz cайтының тілшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз жиынына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, «Ассамблея жастары» республикалық ұйымының төрағасы, «Дарын» сыйлығының лауреаты Тимур Жұмырбаев және 2023 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері, «TALAPAI» жобасының авторы Айнұр Полатова қатысты.

Қайрат Қамбаровтың айтуынша, жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Осы мақсатта дарынды, белсенді жастарды ынталандыруға бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Солардың бірі – 1992 жылы тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы.

 «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы

 1992 жылдан бері табысталатын бұл марапат еліміздің ең беделді жастар сыйлықтарының бірі саналады. Ол «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» сияқты 10 номинация бойынша беріліп келеді.

Бүгінге дейін бұл сыйлыққа 360-тан астам жас иеленген. Олардың қатарында Ольга Шишигина, Серік Сәпиев, Димаш Құдайберген, Динара Садуақасова, Айгүл Иманбаева, «Ұлытау», «Жігіттер» тобы сынды ел мақтаныштары бар.

Сыйлық иегеріне «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы табысталады. 2024 жылдан бастап сыйақы көлемі 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейді. Құжат қабылдау мерзімі: 26 маусым – 27 тамыз.

📎Толық ақпарат: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/861853?lang=ru

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты

Аталған грант 2021 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен бөлініп келеді. Мақсаты – шығармашыл және инновациялық жобаларды қолдау. Грант көлемі – 3 миллион теңге.

Грант «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа», «Волонтерлік» бағыттары бойынша байқау негізінде беріледі. Үміткерлер – 14 пен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары.

Биыл өтінімдер 16 маусым мен 18 тамыз аралығында қабылданады.

📎Толық ақпарат:

https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/856999?lang=ru

 Өңірлік гранттар – жаңа мүмкіндік

2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына сәйкес, өңірлік деңгейдегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттары да қарастырылған. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 277 грант бөлу жоспарлануда. Әр өңір грант көлемі мен бағытын өз ерекшеліктеріне қарай анықтайды.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар