«Таза Қазақстан»: Өскеменде көгалдандыру жұмыстары жүргізілді

Өскеменде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында дәстүрлі сенбілік өтті. Қала аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 700-ден астам адам қатысты.
 
Сенбілікке жоғары оқу орындары мен колледждердің 200-ге жуық студенті, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, блогерлер мен БАҚ өкілдері, мемлекеттік қызметшілер және коммуналдық сала мамандары атсалысты.
 
Акция барысында Қазыбек би көшесі мен І. Есенберлин даңғылының қиылысындағы «Тәуелсіздік монументі» аумағына, сондай-ақ Қабанбай батыр ескерткіші маңына биіктігі 1,5-2 метр болатын 250 түп ағаш көшеті отырғызылды.
 
Көгалдандыру жұмыстарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты.
 
Президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 2021-2027 жылдары 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланған. Осы міндет аясында Шығыс Қазақстан облысында 2027 жылға дейін 76 млн көшет отырғызу көзделген.
 
Соңғы бес жылда облыста 40 млн-нан астам көшет отырғызылған. Ал биылдың өзінде 1,5 мың гектар аумаққа 6,1 млн көшет егілді.
 
Сенбілікке қатысқан қала тұрғыны, зейнеткер Қабылбек Аңғышбаевтың айтуынша, мұндай бастамалар қаланы көркейтіп қана қоймай, жастарға ұлттық құндылықтарды танытуға мүмкіндік береді.
 
«Жібек маталар комбинаты ауданындағы Үш бидің алаңына ағаштар отырғызып жатырмыз. Бүгінгі науқан жастарға халқымыздың әдет-ғұрпы мен салтын паш етеді. Оларға үлгі болады», – деді ол.
 
Өңірде аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгін отырғызылған көшеттер алдағы уақытта қаланың жасыл желегін толықтырып, Өскеменнің көркін арттыра түспек.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter