ШҚО-да көміртегі тотығы датчиктері 40 адамның өмірін сақтап қалды
Шығыс Қазақстан облысында соңғы алты жылда көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер 40 адамның, оның ішінде 32 баланың өмірін сақтап қалған. Өңірдегі тұрғын үй секторына 17 мыңнан астам құрылғы орнатылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов айтты.
Көміртегі тотығының түсі де, иісі де болмайды. Сондықтан оның бөлмеде таралғаны бірден байқалмайды. Датчик қауіпті ерте анықтап, тұрғындарға дер кезінде сыртқа шығуға мүмкіндік береді.
Мәселен, өткен жылы Шемонаиха ауданында осындай құрылғы екі адамның өмірін сақтап қалды. Дабылдан кейін тұрғындар үйден дер кезінде шығып үлгерген.
Мамандар датчик іске қосылған жағдайда бірден сыртқа шығып, балалар мен қарттарды таза ауаға алып шығуға кеңес береді.Кейін, бөлмені желдетіп, құтқару қызметіне хабарласу қажет.
Жылыту маусымы қарсаңында ТЖД қызметкерлері тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Мамандар үй-үйді аралап, азаматтарға пештерді, мұржаларды және жылыту құралдарын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіруде.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар ерекше назарда. Қазір профилактикалық есепте атаулы әлеуметтік көмек алатын 2 758 азамат бар.
