Бастысы –халықтың қауіпсіздігі
Шығыс Қазақстан облысының аумағында жылыту маусымы жалғасуда. Құтқарушылар өрттердің және көмірқышқыл газымен улану жағдайларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Маусым басталғалы бері пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді аралау бойынша шамамен 76 000 рейд өткізілді. ТЖД мамандарының кеңестері нәтижесінде тұрғындар тарапынан 3 мыңнан астам анықталған бұзушылық сол жерде жойылды.
Сондай-ақ құтқарушылар әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын мекенжайларды алдын ала бақылауда ұстайды. Облыс бойынша барлығы 2763 үй есепке алынған.
Негізінен тұрғын үйлерде анықталған бұзушылықтар пешпен жылытуға байланысты. Атап айтқанда, пештерде жарықтар мен саңылаулардың болуы, мұржалардың тазаланбауы, пеш алдындағы металл қаңылтырлардың болмауы, сондай-ақ электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.
Әрбір үй иесімен құтқарушылар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша нұсқама өткізеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағында 235 өрт тіркелгенін, бұл өткен жылыту маусымының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға көп екенін атап өтті. Пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау салдарынан шыққан өрттер саны 60%-ға жуық артқан.
Өрт салдарынан қаза тапқан адамдар саны 8%-ға артып, 13 адамды құрады. Оның ішінде 7 жағдай – отты абайсыз қолдану, 4 жағдай – мас күйінде төсекте шылым шегу, 1 жағдай – пешті дұрыс пайдаланбау, 1 жағдай – өзге себептер бойынша орын алған.
Пешпен жылытылатын үйлерде тұратын әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін, сондай-ақ үй-үйді аралау барысында анықталған көпбалалы отбасыларға көмірқышқыл газын ерте анықтау мақсатында азаматтық қорғау қызметкерлері газ сигнализаторларын орнатуда. Қазіргі таңда 496 осындай датчик орнатылды.
«Өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық акциясы аясында жергілікті атқарушы органдармен және ШҚО ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын 21 үйде пеш жабдықтарына косметикалық жөндеу жүргізілді, 27 үйде мұржалар тазаланды. Күршім ауданында көпбалалы отбасына жаңа жылыту пеші орнатылды. Глубокое ауданында тозығы жеткен үйлерде электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
ШҚО ТЖД жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауды еске салады:
1. Пешті мұқият тексеріп, зақымдардың жоқтығына көз жеткізіңіз;
2. Пештер мен мұржаларды уақтылы тазалаңыз;
3. Пеш алдына өлшемі 50×70 см металл қаңылтыр орнатыңыз;
4. Пеш жанғыш құрылымдардан нормативке сай өртке қарсы арақашықтықта орнатылуы тиіс;
5. Қызған күл мен қоқыстарды арнайы белгіленген жерге шығарып, үстіне су құю қажет.
