ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ GREAT WALL MOTORS СЕРТИФИКАТТАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасының базасында Great Wall Motors компаниясының инженерлік-техникалық мамандарын оқыту және сертификаттау жөніндегі Орталық Азиядағы алғашқы ресми орталық жұмысын бастады.
Орталықтың ашылуы ШҚТУ мен Great Wall Motors арасында келісімге қол қоюмен бекітілді. Мұнда Қазақстан мен басқа елдердегі GWM дилерлік және сервистік орталықтарының қызметкерлері оқытылып, сертификаттаудан өтеді.
Жобаның Шығыс Қазақстан облысы үшін маңызы зор. Ол заманауи инженерлік құзыреттерді дамытуға, озық автомобиль технологияларын енгізуге және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба өңірдің техникалық білім беру мен халықаралық технологиялық ынтымақтастық орталығы ретіндегі орнын нығайтады.
Орталықты құру жоспары туралы бұған дейін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлап, ШҚТУ-дың жаңа буын инженерлерін даярлаудағы рөлі мен жобаның халықаралық маңызын атап өткен болатын.
Орталық Great Wall Motors, Tianjin Vocational University және Astana Motors компаниясының қатысуымен құрылды. Мұнда автокөліктерді диагностикалау, жөндеу, сатудан кейінгі сервистік қызмет көрсету және интеллектуалды жүйелер бойынша мамандар даярланады. Оқу қорытындысында компанияның дилерлік және сервистік желісінде жұмыс істеуге қажетті біліктілік сертификаттары беріледі.
Tianjin Vocational University бағдарламаларды әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуге, оқытушыларды даярлауға және кәсіби оқытудың халықаралық стандарттарын енгізуге қатысады.
Алғашқы кезеңде Great Wall Motors және Tianjin Vocational University мамандары ШҚТУ-дың 15 оқытушысы мен инженерін HAVAL H7 және TANK 500 автокөліктеріне қызмет көрсету бойынша даярлады. Келесі кезеңде университеттің сертификатталған оқытушылары Қазақстан, Армения, Грузия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжаннан келген GWM мамандарына оқу өткізді.
Сабақтар Қазақстандағы осындай форматтағы алғашқы алаң - Лу Бань шеберханасында өтті. Оның инфрақұрылымына SMART Driving Technology инженерлік орталығы, электромобильдер мен гибридті автокөліктер, автономды көлік жүргізу платформалары, AR/VR симуляторлары және цифрлық егіздер кешендері кіреді.
Орталықтың ашылуы ШҚТУ студенттері үшін де жаңа мүмкіндіктер береді. Болашақ инженерлер заманауи автомобиль технологияларын меңгеріп, халықаралық деңгейдегі жабдықтарда жұмыс істеуге және біліктілік сертификаттауынан өтуге мүмкіндік алады.
Алдағы уақытта бағдарламалар Great Wall Motors компаниясының барлық модельдік қатарын қамтиды. Орталықта жыл сайын Қазақстан мен басқа елдерден кемінде 500 маманды оқыту және сертификаттау жоспарланып отыр.

