Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалы 8 пайызға артты
Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында 31,8 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,4 млн тоннаға немесе 8 пайызға артық. Былтыр осы уақытта екі ел арасында 29,4 млн тонна жүк тасымалданған.
Көлік министрлігі оң динамика екі бағытта да байқалатынын жеткізді. Атап айтқанда, есепті кезеңде Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл 2025 жылдың алғашқы он айындағы көрсеткіштен 9 пайызға жоғары.
Шекаралық өткелдер бойынша алғанда, Достық станциясы арқылы 5 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 13 пайызды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы жеткізілген жүк көлемі 6 пайызға артып, 7,1 млн тоннаға жетті.
Қазақстаннан Қытайға жөнелтілген жүк көлемі де артқан. Он айда осы бағыт бойынша 19,7 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайыздық өсім тіркелді.
Оның ішінде Достық станциясы арқылы 13,1 млн тонна жүк өткізіліп, тасымал көлемі 12 пайызға ұлғайды. Ал Алтынкөл станциясы арқылы 6,6 млн тонна жүк жөнелтілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1 пайызға жоғары.
Жүк айналымының артуы екі ел арасындағы көлік-логистикалық байланыстың қарқын алып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғырту, теміржол өткелдерінің өткізу қабілетін арттыру және логистикалық үдерістерді оңтайландыру негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған экономиканы әртараптандыру, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту және елдің транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану міндеттерімен үндеседі.
