Жолдауда көзделген міндеттер аясында ауыл мәдениеті жаңғыруда
Ауылдық жерлерде мәдениет ошақтарын дамыту, тұрғындардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау – елдің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының Жолдауларында да ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру мәселесіне айрықша мән беріліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында заманауи жабдықтармен қамтылған мәдениет үйі жаңарып, тұрғындарға есігін айқара ашты.
Енді ауыл балалары мен жастары домбыра тартып, ән айтып, би билеп қана қоймай, музыка жазу, бейнемонтаж жасау, театр өнерін меңгеру сияқты шығармашылық бағыттармен де айналыса алады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан жоба ауылдағы мәдени өмірге жаңа серпін беріп, өскелең ұрпақтың қабілетін дамытуға мүмкіндік туғызды.
Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, аудан басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты.
Қонақтар алдымен ғимараттың екінші қабатындағы коворкинг орталығы мен шығармашылық кабинеттерді аралап көрді. Ал мерекелік шараның шымылдығын жаңартылған көрермендер залында ұйымдастырылған концерт ашты. Залға заманауи дыбыс аппаратурасы орнатылып, сахна жаңа шымылдықпен жабдықталған.
ШҚО әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, мәдениет үйінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Бүгін Үлкен Нарын жұрты үшін қуанышты күн. Жаңарған мәдениет үйін аралап, жас жеткіншектердің өнер үйренуіне жасалған жағдайды көріп, қуанып отырмыз. Бұл – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ауыл мәдениетіне көрсеткен қолдауының бір көрінісі. Осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан қор ұжымына және игі іске ұйытқы болған барша азаматқа алғыс айтамын. Ауылдың көркеюіне өнерге деген құрмет те ықпал етеді. Осы мәдениет үйінде өнер үйренген балалар ертең үлкен додаларда ауданымыздың, облысымыздың, еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін, – деді Айдар Садырбаев.
Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева еліміздің барлық өңірінде ауылдық және аудандық мәдениет үйлерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Биыл 17 облыстың әрқайсысында бір аудандық және бір ауылдық мәдениет үйін жаңғыртуды қолға алдық. Жыл соңына дейін барлығы 34 нысанды жаңарту көзделіп отыр. Әр өңірге барып, атқарылған жұмысты өз көзімізбен көріп, тұрғындардың пікірін тыңдап жүрміз. Кей ауылда әжелеріміздің «Жаңа Қазақстан бізге де келді» деген сөзін естідік. Мұндай сөзге қалай қуанбайсың? Меніңше, бұл – үлкен істің бастамасы. Президентіміз айтқандай, заманауи мүмкіндіктер қалада да, ауылда да бірдей қолжетімді болуы керек, – деді Ләззат Шыңғысбаева.
«QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында Үлкен Нарын аудандық мәдениет үйіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға қор тарапынан 155 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның шамамен 112 млн теңгесі ғимараттың ішкі бөлігін, 42 млн теңгесі сыртқы аумағын жабдықтауға бағытталған.
Жалпы, мәдениет үйінде шығармашылықтың түрлі бағытын қамтитын он арнайы бөлме жасақталған. Вокал, домбыра және халық аспаптары студияларында балалар ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Қазақ фольклорлық ансамбліне де жеке кабинет қарастырылған. Ал дыбыс жазу студиясында музыкалық шығармаларды жазып, өңдеуге мүмкіндік бар.
Хореография залында ұлттық және заманауи билерді меңгеруге жағдай жасалған. Театр студиясында актерлік шеберлік пен көркемсөз оқу өнерін дамытуға болады. Медиастудия фото және бейнетүсірілім жасауға, бейнемонтаж жұмыстарын жүргізуге арналған. Арт-студияда сурет салу мен қолөнерге машықтануға мүмкіндік бар. Сонымен қатар косплей студиясы мен бүлдіршіндерге арналған ойын бөлмесі де жабдықталған.
Мәдениет үйінің ауласы да абаттандырылып, ашық аспан астында концерттер мен мерекелік шаралар өткізуге арналған тұрақты сахна орнатылған. Мұнда киіз үй тігіліп, алтыбақан қойылған. Аумақты абаттандыру жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттерден 50 млн теңге жұмсалған.
Жаңарған мәдениет үйі ауыл балалары мен жастарының шығармашылықпен айналысуына қолайлы орта қалыптастырды. Бұған дейін 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Сол кезде 25 млн теңге бөлінген. Ал биылғы жобаның негізгі мақсаты – мәдениет ошағын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, оның мүмкіндіктерін кеңейту.
Жаңа орталықтың ашылуы, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерді қуантты. Бірінші сыныптан бері би үйірмесіне қатысып жүрген 6-сынып оқушысы Амина Раджанқызы жаңа кабинеттердің ашылуы өзіне ерекше ұнағанын айтады.
– Мен бірінші сыныптан бері би үйірмесіне қатысамын. Үйірмеде қазақтың ұлттық билері мен заманауи билерді үйренеміз. Аудандық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Қазір мәдениет үйінде жаңа кабинеттер ашылып жатыр. Мұнда би үйренумен қатар домбыра тартуға, сурет салуға, ән айтуға болады. Осындай мүмкіндік берген мәдениет үйінің ұжымына шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Амина.
Оқушылардың сабақтан кейінгі уақытын тиімді өткізуіне коворкинг орталығы да ықпал етпек. Мұнда балалар кітап оқып, сабақ дайындап, достарымен кездесіп, түрлі ойындар ойнай алады. Сондай-ақ шығармашылық және спорт үйірмелеріне қатысуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырып жатқан жобалары мәдениет саласымен ғана шектелмейді. 2022 жылы құрылғаннан бері қор өңірде жалпы құны шамамен 11 млрд теңге болатын бастамаларды жүзеге асырған. Биылдың өзінде 5 млрд 388 млн теңгенің жобалары қолға алынған.
Олардың қатарында ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған бастама да бар. Облыс әкімдігі және білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба аясында ауыл мектептеріне Білім-инновация лицейлерінің оқыту әдістемесі енгізілуде. Үлкен Нарын ауданындағы төрт мектепке жалпы құны 101 млн теңгенің оқу жабдықтары жеткізілген. Бұдан бөлек, Өскемендегі онкологиялық орталыққа құны 2 млрд 400 млн теңге болатын сәулелік ем жүргізуге арналған заманауи медициналық құрылғы орнату жобасы да жүзеге асырылып келеді.
Шығыс Қазақстан облысында «QH Мәдени даму алаңы» жобасына Үлкен Нарын аудандық мәдениет үйімен қатар, Зайсан ауданына қарасты Сарытерек ауылының мәдениет үйі де енгізілген.
Жалпы, ауылдық мәдениет үйлерін жаңғырту – тек ғимаратты жөндеп, жаңа жабдықтар орнатумен шектелмейді. Бұл – ауыл балаларының шығармашылық қабілетін шыңдауға, ұлттық өнерді дәріптеуге, мәдени құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам. Үлкен Нарын ауылында ашылған жаңа орталық та осы мақсатқа қызмет етіп, ауыл жастарының өнерге қанат қағуына жол ашпақ.
