ШҚТУ Шығыс Қазақстанның Азия білім кеңістігіндегі орнын нығайтты
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті QS World University Rankings: Asia 2027 рейтингінде Азия университеттері арасында 312-орынға ие болды. Халықаралық рейтингтің нәтижелерін Quacquarelli Symonds агенттігі 3 қарашада жариялады.
ШҚТУ рейтингке қатысқан жоғары оқу орындарының 82%-ын басып озды. Университеттің жалпы көрсеткіші 40,3 балдан 43,2 балға дейін өсті. Бұл нәтиже жоғары білім беру жүйесімен қатар Шығыс Қазақстан облысы үшін де маңызды. Университет өңір кәсіпорындарына қажетті инженерлік-техникалық кадрларды даярлап, қолданбалы зерттеулер жүргізеді және өндірістік міндеттерді шешуге қатысады.
Негізгі жетістіктердің бірі: жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткішінің жақсаруы. Employer Reputation индикаторы бойынша ШҚТУ-дың бағасы 54,2 балдан 64,5 балға дейін өсіп, университет Азиядағы 195-орыннан 169-орынға көтерілді. Бұл көрсеткіш жұмыс берушілердің бағалауы негізінде қалыптасып, түлектерге деген сұранысты, оларды даярлау сапасын және кәсіби қоғамдастықтың университетке білдірген сенімін көрсетеді.
ШҚТУ интернационалдандыру бағытында да өз позициясын едәуір нығайтты. Шетелдік оқытушылар үлесі бойынша көрсеткіш 51,0 балдан 91,2 балға дейін өсті. Нәтижесінде университет 69 сатыға көтеріліп, Азияда 102-орын алды. Шетелдік мамандарды тарту өңір студенттері мен жас ғалымдарының халықаралық тәжірибеге, заманауи технологиялар мен жаңа зерттеу тәсілдеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Шетелге шығу академиялық ұтқырлығы бойынша ШҚТУ бірден 103 сатыға көтеріліп, 260-орынға ие болды. Бұл бағыттағы бағалау 30,7 балдан 68,1 балға дейін өсті. Шетелдік студенттердің үлесі бойынша да оң өзгеріс байқалды: көрсеткіш 19,4 балдан 35,6 балға дейін жоғарылап, университет 336-орынға орналасты.
ШҚТУ позициясының жақсаруы Шығыс Қазақстанның білім беру және ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. Халықаралық ынтымақтастық, академиялық ұтқырлық және жұмыс берушілер тарапынан мойындалу сұранысқа ие мамандар даярлауға, шетелдік сарапшыларды тартуға және өңір кәсіпорындары мен тұрғындарының мүддесіне бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.
Жалпы, Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отыр. QS World University Rankings: Asia 2027 рейтингіне еліміздің 51 жоғары оқу орны енді, оның үшеуі Азияның үздік жүз университетінің қатарына кірді.

